Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жаңажылдық безендіруге әкімдіктер қанша миллион жұмсады

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

2021 жылды қарсы алуға санаулы күндер қалды. Қазақстанның қалаларында биік шырша қойылып, мерекелік атмосфераның басталғаны белгілі. Осы орайда жаңажылдық безендіруге әкімдіктер қанша қаражат жұмсағанын Azattyq Rýhy анықтаған болатын.

Еске сала кетсек, осыған дейін 22 желтоқсанда ел астанасы Нұр-Сұлтанда барлық жаңа жылдық шыршалардың шамы жағылатынын жазған едік.

Басылым мәліметінше, елорда билігі ғимараттар мен қоғамдық орындарды қысқы мерекеге дайындауға 311 миллионнан астам теңге жұмсаған.

Алматы

Оңтүстік астананың билігі осы жылы қаланы жаңажылдық безендіруге ақша бөлмеу туралы шешім қабылдаған. Қаржы коронавируспен күресуге бағытталған. Қалалық мәдениет басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, Алматыда өткен жылғы шыршалар орнатылған. Сонымен қатар, дәстүрлі жаңажылдық отшашудың да болмайтыны айтылды.

Шымкент

Шымкент билігі мерекелік безендіруге 35 миллион теңге бөлген. Лоттың тапсырыс берушісі –  Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы. Қаржының 14 шағын сәулет формасын, 10 жарықдиодты панноны, шырша түріндегі 2 МАФ-ты, мерекелік элементтерді сатып алуға және қаланы жарықпен безендіруге жұмсалы белгілі болды.

Павлодар

Павлодар әкімдігі бюджетінен жаңажылдық эстетикалық безендіруге 33 миллион теңге бөлінді. Дегенмен, безендіру элементтерінің көбі өткен жылдан қалған заттармен безендіріледі деген шешім қабылданды. Бұл туралы жергілікті obozrenie.kz басылымы хабардар еткен.

Оның 15 миллион теңгесіне қалада қосымша екі жасанды шырша орнатылыпты. Қалған 18 миллион қала көшелерін безендіруге жұмсалған. Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қаладағы қар төбешіктері жеке кәсіпкерлер есебінен жасалатынын жеткізді.

Орал

Бұған дейін Орал қаласы әкімдігінің "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы»" 44 млн теңгеге жуық қаражатқа конкурс жариялаған еді. Басқарма "көшелерді эстетикалық безендіру" үшін 44 млн 553 мың теңге төлеуге дайын болатын. Конкурс 15 желтоқсан күні жарияланды. 20 желтоқсан күні кешке 18:00-де конкурс жабылуы тиіс еді. Алайда, лот немесе сатып алу өткен жоқ.

Басылым мәліметінше, Орал әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Оспан Жаңа жылды өткізуге 5,6 млн теңге жұмсалғанын жеткізген.

"Жаңа жылды тойлауға бөлінген қаражаттан 9 млн теңге үнемделді. Жалпы, 2020 жылы мерекелерден бас тарту есебінен 44 миллион теңге үнемделіп, қаржы жылдың соңында бюджетке қайтарылады", - деді ол.

Қапшағай

Ал Қапшағай қаласының билігі қаланы 25 миллион теңгеге безендірді. Бұл қаржыға "2021" деген екі композиция сатып алынды, саябақтағы 12 арка безендірілді және декоративті 7 шырша алынды. Негізгі көшелерге 110, тағы қосымша көшелерге 70 кронштейн-консоль қойылды.

"Қала әкімдігінің алдында 8 бірлік көлемінде жарықдиодты люстра орнату көзделген. Сәндік люстралар металл жақтаудан, жарықдиодты жолақтан және жылы ақ гирляндадан жасалуы керек. Қала әкімдігіне жаяу жүргіншілер жолын рәсімдеу қажет", - делінген лотта.

Петропавл

Басылым мәліметінше, Петропавлда жаңажылдық безендіруге қаражат жұмсалмаған. Безендірудің 85 пайыздан астамы – өткен жылғы шыршалар, гирляндалар. Қаланың көшелерін безендіру мердігерлер есебінен жүргізілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891022-zaazyldyk-bezendiruge-kimdikter-kansa-million-zmsady/

pixel