Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бас тарттым": Дубайлық бизнесменді ғашық қылған алматылық келіншек жан сырын ақтарды

Опубликовано:

әйел
Көрнекі фото: pexels.com

Бірнеше жылдан бері нәпақа табу мақсатында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында тұрып жатқан алматылық келіншек шетелдік азаматпен тұрмыс құруға қатысты пікірімен бөлісті. Бес жыл бойы Дубайда жүрсе де, Дина (аты кейіпкер өтініші бойынша өзгертілді – ред.) басқа ел өкілімен шаңырақ көтеруді мақсат етпеген. Алайда, жақын арада болған жағдай оның өмірін түбегейлі өзгертті деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Дина Алматыда жергілікті жігіттің жан жары атанған. Бірақ отбасындағы түсініспеушіліктер мен ата-ененің жиі араласуы салдарынан жолдасымен ажырасып кеткен. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуімен бірге тыныш өмір сүруге қайын жұрты мүмкіндік бермепті. Осыдан соң, Дина депрессиядан арылып, ортасын және өмірін өзгерту мақсатында Дубайға жұмыс іздеп кетеді.

"Бұл жақта жүргеніме бес жыл болды. Мұндағы өмір сүру деңгейі жоғары болғандықтан, жан-жақтан мен сияқты жұмыс іздеп келгендер көп. Алғашында екі қолға бір күрек табу қиын болды. Тіл білмегенім бар, тәжірибем мен танысымның жоқтығы бар, біраз сабылдым. Сол кездері Қазақстанға қайтқым келді. Бірақ бір бастаған соң, соңына дейін апаруды көздеп, қандай жұмыс болса да беріліп істей бастадым. Әрине, қыз-келіншектердің көбісі қонақүй жағалайды. Мен де ортаңқол қонақүйлердің біріне тазалықшы болып жұмысқа тұрдым. Айлығым шайлығыма жететін. Кейін бір қонақүйде ұзақ уақыт тұрақтап, еңбек еткені үшін жалақымды да өсірді. Өзімнің ішіп-жегенімнен артылғанын жинай бастадым. Осылайша, мұндағы қайнаған тіршілікке араласып кеттім", - дейді ол.

Дина жергілікті халықтың, әсіресе, ерлердің мінез-құлқына және әйелдерге деген қарым-қатынасына да тоқталды. Оған сөз салып, өзіне жар еткісі келген жергілікті ұлт өкілдері көп кездескен. Бірақ ол түбі елге оралатын болғасын, шетелдікпен отбасын құруды мақсат етпейді. Алайда, жақында жоғары деңгейде қызмет көрсететін қонақүйге тазалықшы болып кірген ол өзінің қожайынына қалай ғашық болғанын сезбей қалады.

"Қарапайым тазалықшы болған соң, маған қонақүйдің қалталы басшысы қарайды деп ойлаған жоқпын. Иә, келбетті екенімді жасырмаймын, бірақ, қонақүй басшысы маған көз салады деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Мамандығы құрылысшы болса да, өз еңбегімен биік жетістікке жеткен оның жасы 40-тан асып кеткен. Алғашында мұны барлық еркектер сияқты төсектес болуды қалайды деп ойладым. Бірақ ол маған шынайы ғашық екенін көрсетіп, қыр соңымнан қалмады. Қымбат сыйлықтардан бөлек, бар жағдайымды жасап қойды. Осындай кезде өзім сияқты жұмыс істейтіндерден ұялатынмын. Тіпті, жұмыстан шығуымды сұрап, маған бөлек пәтер алып беретінін, ата-анасымен таныстыратынын айтты. Осылайша, өзімнің оған қалай ғашық болғанымды сезбей қалдым. Екеумізде нағыз махаббат, нағыз сезім болса да, оған тұрмысқа шығуға жүрексіндім. Олар үйленген соң әйел адамды үйде отырғызып қоятынын көп ойладым. Оның үстіне, елдегі туыстарым да мұны құптамас еді. Өзім бір рет тұрмыста болған соң, қайтадан от басқым келмеді. Сол себепті, жүктілігімді де айтпай, баладан бас тарттым. Қазір мен Дубайдан кетіп қалдым. Оның мені іздеп жүргенін білемін", - дейді Дина.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891111-bas-tarttym-dubajlyk-biznesmendi-gasyk-kylgan-almatylyk-kelinsek-zan-syryn-aktardy/