RU

2021 жылы ел тұрғындары неше күн демалады

ФОто
Көрнекі фото: pexels.com

2021 жылы аптасына бес күн жұмыс істейтін қазақстандықтар 120 күн демалады. Алты күндік жұмыс аптасы болса, 68 күн демалыс беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2021 жылдың өндірістік күнтізбесін жариялады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Елімізде ұлттық және мемлекеттік мереке күндері ресми демалыс күні жарияланады. Мереке демалыс күніне тура келсе, мерекеден кейінгі жұмыс күні демалыс болып бекітіледі.

Ең ұзақ демалыс наурыз және желтоқсан айында болады.

Қаңтардың басында қазақстандықтарды төрт күн демалыс күтіп тұр. Жаңа жылға байланысты 1-2 қаңтарда демалыс болады. Ал 2 қаңтар сенбіге түсіп тұрғандықтан 4 қаңтар (дүйсенбі) да демалыс болып жарияланды. Одан кейін қазақстандықтар екі күн жұмыс істеп, Рождество мерекесіне орай 7 қаңтарда тағы демалады.

Ең ұзақ демалыс көктемде болады, мереке мен демалыс күндерін есептегенде қазақстандықтар 33 күн демалады.

Наурызда қазақстандықтар екі мерекені қатар атап өтеді: 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні және 21-23 наурыз – Наурыз мейрамы. Осының өзі 12 күн болып тұр. Наурыз мейрамының алғашқы күні жексенбіге түсіп тұрғандықтан, демалыс 24 наурызға ауысады.

Мамырда үш мемлекеттік мейрам бар. 1 мамыр күні – Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр – Отан қорғаушы күні және 9 мамыр – Жеңіс күні.

Бұл көктемнің үшінші айында екі мереке демалысқа түсіп отыр, 1 мамыр сенбіге, ал 9 мамыр жексенбіге тура келеді. Соған байланысты екі мерекеден кейінгі дүйсенбіде демалыс беріледі. Осылайша, мамырда қазақстандықтар 13 күн демалады.

Шілдеде екі мейрам өтеді. Бірі – мемлекеттік, екіншісі – діни мереке. 6 шілдеде еліміздің астанасы күні тойланады. Оған дейін 3 шілде (сенбі) жұмыс күні болады да, 4 шілдеден (жексенбі) бастап қазақстандықтар үш күн (4, 5 және 6 шілде) қатарынан демалады. Ал 2021 жылы Құрбан айттың алғашқы күні 20 шілдеге тура келді.

30 тамыз – Конституция күні қарсаңында аптасына бес күн жұмыс істейтіндер тағы үш күн (28, 29 және 30 тамыз) қатарынан демалады.

Желтоқсанда екі мейрам бар.

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні, ал Тәуелсіздік мерекесінде 16, 17, 18 және 19 желтоқсан күндері қатарынан демалыс беріледі.

Еске сала кетсек, бұған дейін қазақстандықтардың Жаңа жыл мен Рождествода неше күн демалатынын жазған едік.

Сондай-ақ ҚМДБ мұсылмандарға арналған 2021 жылдың діни мерекелер кестесін бекіткен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891187-2021-zyly-el-trgyndary-nese-kn-demalady/