Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қазақтың Хатикосы": Екі ай бойы иесінің қабірін күзеткен ит елдің жүрегін елжіретті

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Алматы облысында екі айдан бері қожайынының қабірін күзетіп, мазар басынан кетпеген иттің оқиғасы көпшіліктің жүрегін елжіретті. Өмірден өткен иесінің зираты жанында өлермен күйге түскен жануарды куәгерлердің бірі камераға түсіріп, видео интернетке тез тарап кетті. Жеті қазынаның бірі саналатын төрт аяқтыға жұрт "қазақтың Хатикосы" деп ат қойып үлгерген. Оның аянышты халін көрген аң-құс қорғаушылары төбетке жаңа қожайын іздеуге кірісіп кетіпті деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Телеарна мәліметінше, Шамалған ауылындағы қайтыс болған қожайынының бейтін күзетіп, бөгде біреу тұрмақ, құс қондырмай қарауылдаған үй жануарының оқиғасы қазіргі уақытта жұрттың аузында жүр.

Әуел баста мазар маңынан өтетіндер бұл иттің отырғанына назар аудармапты. Қаңғыбастар қатарына қосып, көңіл бөлмеген екен. Алайда, біраз уақыт өткеннен кейін бір ғана моланы күзететініне көз жеткізген. Ауылдықтардың сөзінше, осы маңды торуылдап жүргеніне бірнеше айдың жүзі болған.

"Екі ай болды осында жүргеніне. Бұрын бұл бұл маңнан көрмегенбіз. Тамақты ары-бері өткендер осында әкеліп беріп тұрдық", - деді елді мекен тұрғыны.

Тұрғындардың бірі осы бір ерекше оқиғаны видеоға түсіріп әлеуметтік желіге жүктеген.

Бұдан кейін иесіне адал болған жеті қазынаның бірін еріктілер панасына алып Лея деген ат қойыпты.

"Біз оны алып кеткен кезде ит сол мазардың қасында болды. Жергілікті тұрғындар көптен бері сол маңда жүргендігін жеткізді. Егер ол қаңғыбас ит болса түнейтін басқа орын табар еді. Алайда, ашық жерде жатқандықтан, оның қожайыны қайтыс болғанын аңғару оңай. Қазір біз оны өзіміздің панамызға алдық", - дейді жануарларды қорғау қорының президенті Наталья Сульжик.

Мамандар Леяны толықтай тексеруден өткізгендерін жеткізді. Дәрігерлер денсаулығының жақсы екендігін қуана айтыпты. Сонымен қатар мінезіне байланысты бірнеше тесттер алып, жеті қазынаның бірі мейірімге бай деген қорытындыға келген.

Леяны қазір арнайы темір тордың ішінде ұстайды. Бұрын мұндайға үйренбегендігін біраз жатырқайтындығын да жасырмады. Алайда, абалап үріп көрінгенге үрке қараудың орнына құшақтап ойнағанды жаны сүйеді, дейді мамандар.

Қазір Леяда бұл паналау орталығында өзінің санаулы күндерін өткізуде. Өйткені, жақын уақытта Алматылық тұрғын өз қамқорлығына алады. Біренеше ұсыныс түскенімен әрқайсының түйіндемесін аса сақтықпен қарадық дейді мамандар.

Жаңа қожайындарының үйінде балалары мен өзге де иттердің бары көңілге медеу сыйлады деп отыр. Ал, иттің иесі қай жақтан екені және бұған дейін қайда тұрғаны туралы әзірге белгісіз. Себебі, жақын маңдағы тұрындар бұрын бұл маңнан көрмегендерін айтуда.

Сонымен қатар, қабір күзеткен үй жануарын осы уақытқа дейін ешкім іздеп хабарласпапты.

Енді Леяның жаңа қожайындарына да адал болатынына ешқандай күмән жоқ дейді уақытша қамқоршы болғандар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891277-kazakty-hatikosy-eki-aj-bojy-iesini-kabirin-kzetken-it-eldi-zregin-elziretti/

pixel