Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Белгілі кәсіпкер жаңа жылдық сыйлыққа не үшін көп ақша жұмсайтынын жайып салды

Опубликовано:

Танымал кәсіпкер
Фото: Facebook/Самат Мұсабаев

Еліміздегі ірі корпорациялардың бірін басқаратын танымал кәсіпкер қызметкерлерінің балаларына жаңа жылдық сыйлыққа не үшін ақша аямайтынын жеткізді. Бизнесмен 90-шы жылдары өз қыздарына сыйлық алып бере алмаған кезін есіне алып, желіде әсерлі жазба қалдырды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Самат Мұсабаев әр Жаңа жыл мерекесі сайын есіне оралатын қызық оқиғасын әңгілемеп берді. Кәсіпкер 1994 жылдың қарсаңында балаларына сыйлық алып бере алмағанына қатты қапаланғанын айтады.

"Жаңаөзендеміз. Ол жылдардың қиындығы қазіргі адамдарға ертегі секілді ғой. Мұнайшылар қаласының өзінде жетіспеу мен жоқшылық анық көзге ұрып тұратын. Мен мұнайшы емеспін, мұнай өндіруге қызмет көрсететін құрылыс мекемесіндемін. Ақша жоқ, айлық кешігеді немесе мүлде берілмейді. Жаңа жыл келіп қалды. Мұнайшылар желтоқсанның 25 - 26 -нан бастап балаларына сыйлық ала бастайды. Қытайдың арзан пакетіне қапталған, сыртына Аяз атаның суреті басылған тәттілер.

Кіреберісі ортақ, ұзыннан ұзақ созылып жатқан көп қабатты үй ғой. Бала-шаға аралас-құралас өсіп жатыр. Сымбат та, Әйгерім де естерін біліп қалған кездері. Күнде жұмысқа кетерде "папа, падаркі әкелші" деп қалады. Кешке келгенде алдымнан жүгіріп шығады, падаркі жоқ, үйге кіргім келмейді. Бала ғой, көршіден көреді, құрдас, достарынан көреді, "жоқ" дегенді түсіне ме?! "Ертең әкелем, жаным" деп күнде алдаймын", - деп жазады Самат Мұсабаев.

Қазіргі таңда ірі корпорацияны басқаратын кәсіпкер сол жылдары қатардағы құрылысшы болыпты. Екі қызына ұстатар сыйлығы болмаған әке құрылысшы мамандығын таңдағанына өкінген де екен.

"Келіншегіме: "Сен үйде отырсың ғой, айтып түсіндірсейші балаларға. Жоқ подаркі (грам-ка.,пункт-я - автордікі.) деген! Жалынып жұрттан сұрап жүрмін, бізге бермейді", - дедім ренжіп. Ол да үнсіз қалды. Сымбат (қызы - ред.) түсінді. Түсінді де, жылап қоя берді. Әйгерім оған қосыла кетті. Ой, өзі кішкентай үй азан-қазан боп кетті. Ал, енді жұбата алсақ-шы... Тіпті, қоймастан екі-үш сағат жылады-ау деймін.

Өмірімде тұңғыш рет құрылысшы болғаныма өкіндім сол кезде.

"Обалым жоқ, бес жыл қаңғып құрылысшының оқуын оқығанша мұнайшы болуым керек еді. Балаларыма сыйлық алып, шалқып отыратын едім..." деп іштей қатты қапаландым", - дейді ол.

Кәсіпкер бес-алты жылдан кейін жағдайы жақсарғанын айтады.

"Қазір корпорация басқарамын. Есепшіге "Жаңа жылдық сыйлыққа ақша аямаңдар, ең қымбатын, ең сапалысын алыңдар" деп тапсырма беремін. Дүниеде балалардың бір қуанышты сәтіне жететін ештеңе жоқ!", - деп пайымдайды Самат Мұсабаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1891954-belgili-ksipker-zaa-zyldyk-syjlykka-ne-sin-kp-aksa-zmsajtynyn-zajyp-saldy/

pixel