RU

Науқастардың бірі бетіне қарап жөтелген хирург коронавирустан қайтыс болды

Симони
Симони. Фото: tmz.com

Коронавирус жұқтырған белгілі америкалық пластикалық хирург Пейман Симони қайтыс болды. Ол инфекцияны жұмыс барысында жұқтырған деп жазады TMZ.

Пейман Симони ауыр халде Лос-Анджелестегі Седарс-Синай госпиталіне жеткізілген. Ақ халаттылар 50 жастағы әріптесін құтқарып қалу үшін барын салғанымен, ол дерттен көп ұзамай көз жұмған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Пейман коронавирусты жұмыс кезінде жұқтырған. Ол қатты жөтеліп жүрген науқастардың біріне ота жасаған. Содан кейін оған коронавирус диагнозы қойылған.

Ота жасалған әйел өзінің коронавирус жұқтырғанынан хабарсыз болған. Артынша дертті жұқтырғанын ұққан әйел бұл туралы Пейманның көмекшілеріне айтады.

Ота кезінде өзінің бетіне қарап жөтелген әйелдің коронавирус жұқтырғанын естіген дәрігер өзін өзі оқшаулауға көшеді. Көп ұзамай Пейманда ауру белгілері пайда болады.

Хирургтің коронавирустан жағдайы нашарлаған. Оны әріптестері жасанды комаға жіберуге мәжбүр болады. Дегенмен ол COVID салдарынан туындаған инсульттан көз жұмған.

Еске салсақ, бұған дейін АҚШ-та Pfizer вакцинасын қабылдаған дәрігер қайтыс болғанын жазған едік.

Одан бөлек, Ұлыбританияда тараған коронавирустың жаңа штамы Ресейге жеткенін хабарлаған болатынбыз. Бүгінгі таңда Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа түрі әлемнің бірнеше елдерінде – Қытайда, АҚШ-та, Францияда және Еуропа аймақтарында таралуда.

Оның Қазақстанда таралу қаупі қаншалықты жоғары екеніне қатысты ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова пікір білдірген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893080-naukastardy-biri-betine-karap-ztelgen-hirurg-koronavirustan-kajtys-boldy/