RU

"Базарлар жабылып, той-томалақ болмайды": Еліміздің тағы бір қаласында карантин күшейтілді

Коронавирус
Көрнекі сурет: pixabay.com

Алматы облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми сайтында Талдықорған қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы жарияланды.

Қаулыға сәйкес, мамандандырылған көліктерді (полиция, жедел медициналық көмек басқармалары, өртке қарсы қызмет т.б.) қоспағанда кез келген көлік түрінің қозғалысы тоқтатылады, сондай-ақ белгіленбеген орындарда, көшелерде саудаға жол берілмейтін болды.

Қоғамдық көлік сағат 06:00-ден 10:00-ге дейін және сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Сауда, ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің (орталықтары), сауда желілерінің жұмысы, олардағы азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда, уақытша тоқтатылмақ.

Сонымен қатар, азық-түлік өнімдерін сатуды қоспағанда, сатылатын ассортиментке қарамастан, барлық сауда базарлары мен дүкендер де жұмысын тоқтатуы тиіс.

Одан бөлек, кинотеатрлар, СПА-орталықтар, жаттығу залдары, спорт нысандары, фитнес-орталықтар, бассейндер, қоғамдық моншалар, сауналар, қысқы туризм және ашық ауада демалу объектілері де қызметін тоқтатады.

Қоғамдық тамақтану объектілері тағамды өзімен бірге алып кету немесе үйге дейін жеткізіп беру қызметі бойынша сағат 09:00-ден 00:00-ге дейін жұмыс істейді.

Ойын-сауық, спорттық іс-шараларды, көрмелерді, адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және т.б.) өткізуге тыйым салынды.

Қаулы 2021 жылғы 15 қаңтарда 00 сағат 00 минуттан бастап өз күшіне енеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893449-bazarlar-zabylyp-toj-tomalak-bolmajdy-elimizdi-tagy-bir-kalasynda-karantin-ksejtildi/