RU

ДДСҰ: Коронавирус пандемиясының екінші жылы ауыр болуы мүмкін

Фото
Көрнекі: pixabay.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус пандемиясының екінші жылы біріншісіне қарағанда ауыр болуы мүмкін екенін жеткізді деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Басылым таратқан ақпаратқа сәйкес, халықаралық ұйымның төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райан осындай пікірде.

"Коронавирус пандемиясы екінші жылға ауды. Аурудың таралу динамикасын ескерсек, биылғы жағдай былтырдан да ауыр болуы мүмкін. Әсіресе, Еуропа мен Солтүстік Америкадағы жағдай күрделі. Ауа райының қолайсыздығынан індет ел арасында тез тарай бастады", - деді ол.

Майкл Райан ауру жұқтыру дерегі бойынша соңғы екі аптаның статистикасы рекордтық көрсеткішке жеткенін айтып отыр.

Айта кетейік, соңғы аптаның өзінде әлемде 5 миллионға жуық адам коронавирус жұқтырса, 85 мыңнан астамы осы дерттен қайтыс болды.

Инфекция анықталғандардың басым бөлігі Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Еуропа елдерінің тұрғындары екен.

Ал елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 834 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 165 311-ге жетіп отыр.

Еске сала кетсек, кеше бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ел тұрғындарына үндеу жасап, карантин талаптары күшейтілуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Оның сөзінше, азаматтардың сақтық шараларына немқұрайлы қарауының салдарынан елімізде эпидемиологиялық жағдай нашарлаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893699-dds-koronavirus-pandemiasyny-ekinsi-zyly-auyr-boluy-mmkin/