RU

Аязды күні көлігімен тұрғындарды тегін тасыған журналиске жұрт сүйсінді

Таксист1
Көрнекі фото: pixabay.com

Қостанай облысында аязды күні аялдамаларға тоқтап, халықты тегін тасыған қостанайлық журналист алғысқа бөленді деп хабарлайды Қазақпарат.

Осы күндері Қостанай облысында ауа температурасы күндіз -35, -38 градусқа дейін төмендеуде. Салдарынан көшеде көліктер оталмай, автобустар жүрмей қалды.

Ал далада бүрсең қаққан тұрғындар үйлеріне жете алмай әлек. Дегенмен кейбір көлік жүргізушілер көшеде тоңып тұрған қариялар мен қыз-келіншектерді үйлеріне тегін жеткізуде.

Солардың бірі – Жұматай Кәкімжанов. Ол туралы тұрғындар әлеуметтік желілерде жарыса жазып, алғыстарын айтуда.

"Бүгін таңғы 8-дер шамасында автобус күтіп тұрғанмын. Қоғамдық көліктер 15-20 минут кешігіп жүреді ғой. Бір кезде аялдамаға "КИА" көлігі тоқтап, орталыққа дейін тегін апарып тастайтынын айтты. Ұсынысын қабылдап, көлікке міндік. Менімен бірге тағы үш келіншек отырды. Жолда Жұматайдың жергілікті газетте жұмыс істейтінін білдік. Бізді қажет жерге дейін жеткізіп тастады. Осындай ұлды тәрбиелеген ата-анасына мың алғыс", - дейді шаһар тұрғыны Бауыржан Абулов.

Айта кетейік, Жұматай Кәкімжанов облыстық "Қостанай таңы" басылымы директорының орынбасары қызметін атқарады. Ол көлік жүргізушілерін аязды күні көшеде тұрған адамдарды тоңдырмай, қажетті жеріне жеткізіп тастауға шақырды.

Басылым қызметкерінің сөзінше, негізі бұл аса қатты жарнамалайтын іс емес.

"Кез келген көлік мінген адам көшеде тоңып тұрған жолаушыларды көрсе, жайбарақат өтіп кете алмайды. Бүгін де осындай жағдай болды. Аялдамаға тоқтап, бірнеше адамды орталыққа дейін жеткізіп салайын деген тілек білдірдім. Көлікке мінген келіншектердің бірі келесі аялдамада қызының тоңып тұрғанын жеткізді. Сосын жолай оны да тоқтап ала кеткен едік.

Осылайша, үш жолаушымды айтқан жеріне дейін апардым. Алайда, жұмысымнан сәл кешігіп қалдым. Жалпы суыққа шыдамағандар жол бойына шығып, қол бұлғауға мәжбүр. Сол уақытта көлік жүргізушілері оларды тоңдырмай, ала кетсе деген тілек бар", - дейді Жұматай Кәкімжанов.

Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/1893757-aazdy-kni-kligimen-trgyndardy-tegin-tasygan-zurnalistka-zrt-sjsindi/