RU

Аймағамбетов: Бұдан былай мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді

Диплом
Көрнекі фото: aikyn.kz

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бұдан былай мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейтінін айтып, заңнамаға енгізілген жаңа түзетуді түсіндірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Білім алғанын растайтын өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына, оларды есепке алу және беру тәртібіне қойылатын талаптар да заң негізінде айқындалды", – деп жазды Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында.

2021 жылдан бастап әрбір жоғары оқу орны білім алған азаматтарға жеке үлгісі бойынша диплом беретін болады. Яғни, енді әр жоғары оқу орнында берілетін дипломдардың барлығы біркелкі болмайтынын айтты министр.

Әр оқу орны жеке брендке айналып, студенттер оқу орындарын білім беру сапасына қарай таңдайтын болады.

"Бұдан былай мемлекеттік үлгідегі дипломдар берілмейді. Сондықтан заңсыз немесе жалған құжат айналымына жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылданды.

Мәселен, білім берілгенін растайтын құжатты есепке алу және сериялық нөмірлері бойынша бір жүйеге келтіру үшін дипломдардың мазмұнына қатысты бірыңғай минималды талаптар қарастырылған", – деп түсіндірді білім және ғылым министрлігі.

Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесінде берілген дипломдардың депозитариі, реквизиттері болады, сондай-ақ Болон процесінің талаптарына сай Diploma Supllement беру қарастырылады.

Оған қоса, Аймағамбетов грантты жұмыспен өтемеудің айласын тапқан студенттермен қалай күресетенін айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1893848-ajmagambetov-bdan-bylaj-memlekettik-lgidegi-diplomdar-berilmejdi/