Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Үздік театрлар анықталды: «Сыншылар жүлдесі» кімдерге бұйырды

Опубликовано:

"Қара" спектаклінен. Фото
"Қара" спектаклінен. Фото: azattyq-ruhy.kz

Былтыр ғана тұсауы кесілген «International Union of Theatre Critics» Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» биыл екінші мәрте қазақстандық театрлардың рейтингісін жасады. Бірлестік құрылтайшыларының бірі – театр сыншысы Анар Еркебайдың жетекшілігімен 2020 жыл бойынша театрлар статистикасы жасалып, үздік деп танылғандары арнайы «Сыншылар жүлдесімен» марапатталды.

Сыншылар бірлестігі ұсынған сауалнамаға академиялық, ұлттық, мемлекеттік, жеке статусы бар қырық театр қатысқан.

Өнер ұжымдарының 2020 жылғы премьералары, гастрольдік іссапарлары, репертуардағы спектакльдердің көркемдік дәрежесі, фестивальге қатысымы, театрда өткізілген шеберлік сыныптары, пандемия кезіндегі онлайн іс-шаралары, сайт жүргізу, БАҚ-пен байланыс жұмыстары сараланды.

14 ақпан күні «Zoom» платформасында атқарылған сараптамалық жұмыс нәтижелері таныстырылып, марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

Онлайн конференцияда бірлестік жетекшісі Анар Еркебай, белді театртанушы Амангелді Мұқан, жас театртанушылар Моншақ Бекайдарова, Жансая Тұрмағанбет сөз сөйлеп, еліміздегі театр өнерінің даму қарқынын, тынысын, тенденцияларын анықтау жолында сыншалар атқарған жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.

Аталмыш бірлестік былтырғы сараптама нәтижесінде театрларды бес номинация бойынша үздік деп таныса, биылғы марапаттар еселене түскен. Нәтижелері төмендегідей:

«Үздік қойылым» - «Шағала» спектаклі (режиссері Е.Нұрсұлтан);

«Үздік режиссер» - Фархад Молдағалиев («Құлагер» спектаклі үшін);

«Үздік мерейтойлық қойылым» - «Қара» (режиссері Ж.Жұманбай);

«Үздік сценография» - «Абайдың жұмбағы» спектаклінің суретшісі Мұрат Сапаров;

«Үздік актриса» - Жанар Мақашева («Шағала» спектакліндегі Аркадина ролі үшін);

«Үздік актер» - Ербол Есендосовты («Мен» спектакліндегі Мен ролі үшін);

«Жылдың жаңа есімі» - режиссер Гаухар Адай;

«Үздік балаларға арналған қойылым» - Алматы қаласы Мемлекеттік қуыршақ театрының «Үйшік» cпектаклі (режиссері А.Зайцев);

«Онлайн форматтағы ең белсенді театр»:

- Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры;

- Алматы қалалық Мемлекеттік қуыршақ театры;

- М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры;

- Республикалық неміс драма театры;

- Теміртау балалар мен жасөспірімдер театры

«БАҚ-пен үздік жұмыс істеген театр»:

- Алматы қалалық Мемлекеттік қуыршақ театры;

- Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры;

- К.С.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік Халықтар достығы орденді орыс драма театры.

«Үздік сайт» номинациясы:

- Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры;

- «Астана Опера» театры;

- М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры;

- Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры;

- Мемлекеттік республикалық академиялық корей музыкалық комедия театры;

- Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры;

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова«Сыншылар жүлдесі» деп аталатын таңдаулы номинациялар иегерлерін атап өтіп, өзінің инстаграм парақшасында бөліскен болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894172-zdik-teatrlar-anyktaldy-synsylar-zldesi-kimderge-bjyrdy/

pixel