Канадалық СІМ-де жұмыс істейтін қазақ қызы: Ұлым Қазақстан намысын қорғаса деймін
Жарияланған күні:
Жуырда қазақстандық спорт порталдарының біріне сұхбат берген 17 жастағы Марк Уэбб есімді канадалық хоккейші Алматыда дүниеге келгенін, алдағы уақытта хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткісі келетінін айтқан болатын. Марктің анасы Нұргүл Канада Үкіметінде, нақтырақ айтсақ, Сыртқы істер министрлігінде сауда жөніндегі кеңесші қызметін атқарады деп жазады Түркістан басылымы.
Нұргүл Қызылорда қаласында өмірге келген. Ол сыр еліндегі жергілікті жоғары оқу орнында білім алып, әділет басқармасында жұмыс істеп, кейін Алматы қаласына көшіп келген.
"Сол уақытта бас кеңсесі Алматыда орналасқан KEGOC компаниясына жұмысқа тұрдым. Кейіннен Ұлттық банкке ауыстым. Сол жылдары америкалық компанияда консультант қызметін атқарып жүрген күйеуім сол банктің ішіндегі кеңселердің бірін жалдап, сонда жұмыс істейтін. Ол да мен секілді заңгер. Сөйтіп, сол ғимараттың дәлізінде кездейсоқ танысып, артынша көңіліміз жарасып, отбасылы болдық. Үлкен және ортаншы ұлым Қазақстанда туды. Кейіннен жолдасымның жұмыс бабымен Черногория, Албания, Үндістан, Болгария және Армения елдерінде тұрдық. Сосын Канадаға келіп, соның ішінде ел астанасы Оттаваға тұрақтадық. Осында кіші ұлымыз дүниеге келді. Қазір Оттавада тұрып жатқанымызға он бір жыл болды", - деді Нұргүл.
Оның айтуынша, Канадада министрлікке жұмысқа тұру екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Бірақ мен әлгі бағдарлама бойынша конкурстан өту үшін барымды салдым, дейді Қызылорда қаласының тумасы.
Ол Канаданың сыртқы істер министрлігінде сату жөніндегі кеңесші қызметін атқаратынын сөз етті.
"Бұл министрлікте жұмыс істегеніме биыл алты жыл болды. Канаданың өзге елдермен сауда қатынастарын дамытуға атсалысамын. Қазақстанмен байланысты іске араласпаймын. Алайда осындағы Қазақстан елшілігінде жұмыс істейтін қазақтарға көмектесіп тұрамын. Әсіресе, олардың әйелдері ағылшын тілін жөнді білмейтіндіктен, ауруханаға тіркелу, мектепке қабылдану секілді мәселелерін шешіп беремін. Сондай-ақ аударма жасап беремін. Жалпы, Қазақстанда жүрмесем де, елде болып жатқан жайттарды сырттай бақылаймын. Әсіресе, жуырда өткізілген Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауын бақыладым. Сосын пандемияға байланысты елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы жаңалықтарды үзбей оқып тұрамын". - деді Нұргүл.
Ол ұлы Марк-Әсет хоккеймен кәсіби түрде айналысатынын, баласының Қазақстан құрамасында өнер көрсеткісі келетінін жасырмады.
"Негізі, Марк-Әсет хоккеймен қатар, футболды да жақсы ойнады, тіпті команда капитаны атанғаны бар. Сосын екі спорттың біреуін таңдайтын кезде, хоккеймен кәсіби түрде шұғылдануға бел буды. Бірде Оттавада Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Чехия командасына қарсы өткізген ойынына билет пен "Қазақстан" деген жазуы бар шарф сатып алып, аренада "Алға!" деп айқайлап, отбасымызбен жанкүйер болғанбыз.
Ұлдарым қазір де "Анашым, қазір Қазақстан құрамасы ойнайды! Кеттік, бірге көреміз!" деп мені өздерімен ертіп алады. Айтпақшы, ұлым берген сол сұхбатты жұмыстағылармен бөліскенмін. Қазақстандағы Канаданың Төтенше және өкілетті елшісі Николас Бруссо оқығысы келетінін айтып, сілтемесін жіберуімді сұрады. Жалпы, бұл сұхбат Қазақстан мен Канаданың арасындағы сыртқы қатынастарды жақсартуға септігін тигізетін фактор деп айта аламын", - деді Канаданың сыртқы істер министрлігінің қызметкері
Осы орайда Нұргүл ұлын хоккейден Қазақстан құрамасына шақырады деп үміттеніп отырғандарын жеткізді.
"Егер елге шақыратын болса, мен де қасына еріп келетін едім", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1894996-kanadalyk-sim-de-zmys-istejtin-kazak-kyzy-lym-kazakstan-namysyn-korgasa-dejmin/