Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сапарбаевқа екі рет жаздым": 40 жасында үшем тапқан жалғызбасты ана жанайқайын айтты

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: lifetambov.ru

40 жасында үшемнің анасы атанған тараздық Ләйла Самыратбаева портал тілшісіне хабарласып, жанайқайын айтты. Гинекологиялық ауыр дертке шалдығып, ғажайыптың құдыретімен аман қалған ол бір жасар үшемдерді жалғыз өзі асырап отыр. Жалғызбасты ана үшемдерді дүниеге әкелген аналарға мемлекет пен басшылық тарапынан қандай да бір көмек көрсетілмейтініне наразы. Бүгінде ол өзінің есепшілік жұмысынан бас тартып, салмағы аз әрі мерзіміне жетпей туған ұлдарын қатарға қосу үшін жанталасып жүр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ләйла Самыратбаева Тараз қаласында тұрады. Тұрмыс құрғанға дейін ол жоғары білімі бойынша бірнеше мекемеде есепшілік қызмет атқарып, өз күнін өзі көріп келген. Алайда, Ләйланы бойжеткен күнінен бері гинекологиялық дерт мазалайтын. Алғашында ауруға қатты мән бермеген ол уақыт өте келе мұның зардабын шеге бастайды.

"Шыны керек, етеккір келгенде қатты ауыратынмын. Алғашында бұған айтарлықтай уайымдаған жоқпын. Қалыпты дүние шығар деп ойладым. Бірақ уақыт өте келе дерт үдей түсті. Тұрмыс құрмағандықтан дәрігерлер де нақты диагноз қоя алмай, менің тезірек күйеуге шығуымды сұрады. Жасым келіп қалса да, өмірлік серігімді жолықтырмаған едім. 33 жасқа келгенде бұл сырқат ұлғайып кетті де, денсаулығыма қауіп төне бастады.

Содан бері қаралмаған дәрігерім жоқ. Мықты деген мамандардың алдына бардым. Кейін олар менің дертім онкологияға ұласып бара жатқанын және бала сүйе алмайтынымды айтты. Өмірімді астаң-кестең қылған бұл жаңалықтан соң өзім бұрыннан танитын, отбасымен жараспай жүрген бір танысыма күйеуге шығуға келісім бердім", - дейді ол.

Фото
Фото: Ләйла Самыратбаеваның жеке мұрағаты

Талай гинекологтың қабылдауында болған Ләйлаға үміт отын бір ғана дәрігер сыйлады. Ол бұл ауруды жеңуге болатынын, тіпті, бала сүюге мүмкіндік барын айтып, оған шөптен жасалған дәрілер тағайындайды. Аталған дәрілерді ішу оған тым ауыр соқса да, кейін денсаулығының түзелуіне осы әдіс қана көмектеседі.

"Әлгі дәріні қабылдаған соң, жанымды қоярға жер таппайтынмын. Тіпті, жанымның ауырғаны соншалық, қабырғаға өрмелеп кетуге дейін баратынмын. Бұл қылығым айналамдағылар үшін күдікті көрінсе де, жазылып кетуіме, бала көтеруіме көмектесті. Жолдасым үйленгеннен кейін үш айдан соң мені сүймейтінін айтып, өз жөнімен кетті. Ал менің аяғым ауыр еді. Оны жолынан бөгей алмадым, бар ойым жүктілігімді жақсы өткізіп, сәбилерімді өмірге әкелу болатын. Мені аурумен көп сынаған Алланың сыйы да көп екен. УДЗ кезінде құрсағымдағы сәбилердің үшем екенін білдім. Қуанышымда шек болған жоқ", - дейді Ләйлә.

Фото
Фото: Ләйла Самыратбаеваның жеке мұрағаты

Бүгінде Ләйла Самыратбаева Нұриман, Нариман және Нұрислам атты үш ұлды жалғыз бағып отыр. Үш баланың күтімінен жұмысты да, басқаны да ұмытқан ол үшемдердің анасына елімізде қандай да бір көмек көрсетілмейтініне қапалы. Бүгінде ол сәбилерімен бірге 50 мың теңгеге пәтер жалдап отыр.

"Балаларым 6 қаңтарда бір жасқа толды. Бұл күніме шүкірлік айтамын. Бірақ үшемді жалғыз асырау оңай емес екен. Біздің елімізде ана мен балаға берілетін капиталдың тым аз екенін білесіздер. Заң бойынша, үшемдердің анасына көрсетілетін қандай да басы артық көмек жоқ. Яғни, біз пәтер алудан немесе басқа көмектерден үмітті емеспіз. Тек облыс әкімдері ғана үшемдердің ата-анасына өз еркімен көмектесе алады. Өзім үшем аналардың онлайн чатында отырамын. Барлығына өздері тұратын жерден аз да болса көмек көрсетілген.

Ал мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа екі рет хат жазып, екеуінде де теріс жауап алдым. Иә, заң бойынша бізге пәтер берілмей-ақ қойсын. Бірақ пәтер кезегін жылжытуға, балалардың ай сайынғы дәрігергерге қаралуына көмектесуге, олардың массаж-гимнастика алуына сәл де болса септігін тигізсе ғой. Балаларым мерзімінен бұрын туғандықтан, оларға көп күтім қажет.

Олар өз қатарластарынан дамуы жағынан артта келеді. Қазір бір жастағы балалар бестік өлшемдегі жөргекті кисе, біз үштік өлшем қолданамыз. Үшемдер 4-5 жасқа келгенге дейін олардың денсаулығына ерекше көңіл бөлуім қажет. Президент әкімшілігіне де хат жазғанмын, барлығы көмектесе алмайтынын айтты. Осы күнге дейін үшемдерге еш көмек болмайтынын айтқан 12 конверт хат алыппын. Мен басы артық нәрсе сұрамаймын. Тек балаларым қатарға қосылғанша мемлекет тарапынан, басшылық тарапынан қандай да бір көмек болса деп тілеймін. Оларды дені сау, білімді етіп тәрбиелегі келеді. Ал үш баламен жұмыс істеу маған қазір мүлде қиын", - дейді ол.

Фото
Фото: Ләйла Самыратбаеваның жеке мұрағаты

Сөз соңында Ләйла Самыратбаева Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың көмегінен үмітті екенін айтты. Үшемдермен бірге пәтер жалдап тұратын жалғызбасты ана сәбилері үшін тынбай еңбектенінін, тек қазіргі сәтте демеп жіберетін басшылар табылса деген тілегін білдірді.

Сонымен қатар әйел Алматы облысы әкімі Амандық Батталовтың үшемдерге баспана кілтін табыс еткенін сөз етіп, "қинап жүрген пәтер мәселесі тезірек шешімін тапса екен" деген өтінішін жасырмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895418-saparbaevka-eki-ret-zazdym-40-zasynda-sem-tapkan-zalgybasty-ana-zanajkajyn-ajtty/

pixel