Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сау адамға ПТР-тест жасауға болмайды": Желіде тараған ақпарат қаншалықты рас

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: NUR.KZ

Қазақстандықтар ПТР-тестілеу дені сау адамдар үшін жарамсыз деген ақпаратты талқылауда. Бұл туралы француз дәрігері Кристиан Перрон мәлімдеген екен. Оның айтуынша, талдаудың бұл әдісі 90% дейін жалған оң нәтиже береді. Алайда бұл шындыққа жанаспайды дейді Stopfake.kz.

Басылым мәліметінше, Кристиан Перрон "Олар жасамаған қателіктер бар ма?" деген кітабымен танымал, онда инфекционист Францияда қабылданған пандемияға қарсы шараларды сынға алған. Кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы жоқ.

Сонымен қатар, Доктор Перрон COVID-19 гидроксихлорохинмен емдеуді қолдайды. АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын санитарлық қадағалау басқармасы бұл препараттың тиімділігін 2020 жылдың маусым айында жоққа шығарған болатын.

"Соңғы нәтижелерді ескере отырып, ауруханаға жатқызылған пациенттердің үлкен аралас тобында клиникалық зерттеу жүргізілді және бұл дәрінің өлім ықтималдығын төмендетуде немесе қалпына келтіруді жеделдетуде артықшылықтары байқалмады деген қорытынды жасалды", –делінген ведомствоның хабарламасында.

Басылым мәліметінше, ПТР тестілеу әдісін дені сау адамдар үшін қолданудың тиімсіздігіне келетін болсақ, бұл теория да дұрыс емес. Мұндай тест жүйелерінің жалған оң және жалған теріс нәтижелер бере алатыны рас, бірақ бұған жол бермеуге де болады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне арналған ұсыныстар жарияланған. Олардың пікірінше, жалған нәтиже ағзада вирус концентрациясы төмен адамдарда болуы ықтимал. Мұндай жағдайларда мамандар қайта тексеру жүргізуі тиіс.

ПТР тестілеудің жалған нәтижесінің ықтималдығы 90 пайыз екендігі туралы еш жерде хабарланған жоқ.

Халықаралық ұйым мен Ауруларды бақылау орталығы ПТР сынақтарын SARS-CoV-2 анықтаудың ең тиімді әдісі ретінде ұсынады.

Доктор Перрон ПТР тестті әзірлеуші Кэри Муллистің өз өнертабысының вирустарды анықтай алмайтындығы туралы "мәлімдемесіне" сүйенеді. Бұл дәлелдің шындыққа ешқандай қатысы жоқ.

Кэри Муллис ПТР-әдістемесі арқылы АИТВ-ны диагностикалау туралы ғана айтқан. Оның COVID-19 немесе ауруды диагностикалау әдістері туралы айтуы мүмкін емес, себебі ол SARS-CoV-2 вирусы адамзатқа белгілі болғанға дейін көз жұмған.

"ПТР талдау әдісі герпес, жыныстық инфекциялар, гепатит, кандидоз, туберкулез, АПВ және басқа да көптеген ауруларды анықтауда нәтижелі қолданылып келеді. Демек, сау адамдар үшін ПТР тесттің орынсыз, тіпті қауіпті екендігі фактілермен расталмайды", - делінген хабарламада.

Фото
Скриншот: Stopfake.kz

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1895500-sau-adamdarga-ptr-test-zasauga-bolmajdy-zelide-taragan-akparat-kansalykty-ras/

pixel