RU

Коронавирусқа қарсы екпені қандай жағдайда салдыруға болмайды

Фото
Көрнекі фото: pexels.com

Отандық иммунологтар коронавирусқа қарсы екпені қандай жағдайда салдыруға болмайтынын айтты деп хабарлайды "Хабар 24".

Мамандардың сөзінше, тұмауға шалдыққан және созылмалы ауруы ушыққан азаматтар вакцина салдыруға асықпағаны дұрыс.

Сонымен қатар коронавирус инфекциясын жұқтырған науқаспен байланыста болған және инкубациялық кезеңдегі азаматтар да вакцина салдырмағаны дұрыс.

"10-12 күн өтуі тиіс. Егер осы уақыт аралығында бәрі дұрыс болса, онда екпе егуге тыйым салынбайды", - дейді ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бағдарлама меңгерушісі Елена Ковзель.

Мамандардың айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцина салдырған соң екпе бөлмесінде 30 минут отырған жөн.

Екпе кері әсер еткен жағдайда мамандар оның себебін бірден анықтай алады.

Вакцина салдырған соң ішімдік ішуге болмайды. Бұл да ағзаға кері әсерін тигізуі мүмкін. 

Еске сала кетсек, бұған дейін денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов коронавирусқа қарсы вакцина аллергиясы бар адамдарға, аяғы ауыр әйелдер мен емізулі баласы бар әйелдерге, 18 жасқа дейінгі және 65 жастан асқан жандарға кері әсерін тигізетінін айтқан еді.

Айта кетейік, Қазақстанда 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация басталады.

Денсаулық сақтау министрлігі елімізде коронавирусқа қарсы вакцина міндетті әрі мәжбүрлі түрде болмайтынын мәлім етті.

Ведомствоның сөзінше, елімізде вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896245-covid-19-ga-karsy-vakcinany-kimderge-saluga-bolmajdy/