Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ұяламын": Ана тілін білмейтін қазақ жігіті өзін мазақ еткендерге жауап берді

Опубликовано:

Алишер Жакишев қалада туып өскен
Фото: Әлішердің жеке мұрағатынан

Ана тілінде сөйлей алмайтын қазақ жігіті қоғамда өзін ыңғайсыз сезінетінін жеткізді. KAZ.NUR.KZ порталына хабарласқан Қарағанды тумасы өзінің "кемшілігіне" өскен ортасының орыс тілді болуы себеп дейді. Отандасымызға қазақ тіліне деген қажеттілік туған қаласынан Нұр-Сұлтанға қоныс аударғанда туған. Ол өзін қазақша сөйлегенде мазақ ететіндерге үндеу жасады.

Әлішер Жақышев қазақ отбасында дүниеге келген. Алайда туғанынан қазақша сөйлемеген. Қазір 25-ке келді. Айтуынша, ол қазақша сөйлей бастаса айналасындағылар мазақ етіп, тіл сындыруға мүмкіндік бермейді.

"Мен өз тілімде сөйлегім келеді, бірақ акцентім үшін ұяламын. Туғаннан ана тілімде сөйлеп көрмедім. Орыс мектебінде білім алдым. Қазақша сөйлеу қажеттілігі Нұр-Сұлтанға жұмыс бабымен көшіп келгенімде білінді.

Мен сөйлей бастасам, шалақазақ деп мазақтайды, тілімді қызық көріп қайталап сұрайды. "Олай емес, былай айтылады",- деп түзейді. Қазақ екенімді айтып, таза сөйлеуімді талап етушілер көп. Сондықтан мен қазақ тілінде ойымды жеткізуге қорқамын", - дейді Әлішер Жақышев.

Маркетинг саласында қызмет ететін жас жігіт жақында Алматыға ауысқан. Оның сөзінше, қазіргі араласып жүрген ортасы өзара таза қазақ тілінде сөйлеседі.

"Алматыда қазақ тілді халық көп. Мен өзімді мұнда шетте қалғандай сезініп жүрмін. Бес-алты адам жинала қалсақ, олардың әңгімесіне кірісе алмай отырамын. Амал жоқтан олар менімен орысша сөйлеп кетеді", - деп баяндады ол қазіргі жағдайы туралы.

Әлішер Жақыпов тіл сындыру үшін қазақша ән тыңдап, сөздерін жаттап жүргенін айтты. Сондай-ақ ол онлайн түрде қазақ тілінде сөйлесетін достар тапқанын жеткізді.

"Мен өз тілімді білгім келеді, сол үшін ауылға баруға дайынмын. Бір-екі айға демалыс алып, шығып кетуге болады (қаладан). Маған әлеуметтік желіде Маңғыстау облысына барып көр деп ақыл айтты. Иә, мені көрсе орысша сөйлеп кетпейтін қазақы орта керек екен. Әзірге мен қазақша әндердің сөзін жаттап жүрмін. Ғалымжан Молданазардың, Dudeontheguitar & Monro шығармашылығы ұнайды", - дейді жас жігіт.

Әлішер Жақышев орыс тілді ортада қазақ тіліне деген сұраныс артқанын айтады.

"Қазір сондай заман келе жатыр. Менің ортамда өзім білетін бірнеше танысым қазақ тілін үйреніп жүр. Тіл білу трендке айналды. Біздің елде сен өзге ұлт өкілі бола тұра қазақша білсең, сенің мәртебең бірден өседі", -дейді ол.

Әлішер Жақышев көпшіліктен ана тілін үйренуге қолдау сұрады.

"Мені мазақ ететіндерге айтарым, ана тілімді үйренуге деген ниетімді қолдасаңыздар екен. Сонда тезірек сөйлеп кетермін. Жалғыз мен емес, тілі орысша шыққан басқа да бауырларымыз осындай пікірде деп сенемін", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896623-alamyn-ana-tilin-bilmejtin-kazak-zigiti-zin-mazak-etkenderge-zauap-berdi/

pixel