RU

Шымкентте Қасым-Жомарт Тоқаевтың атында көше бары рас па

Тоқаев көшесі1
Фото: Sputnik/Тимур Назаров

Шымкент қаласының ең көне көшелерінің біріне Тоқаев есімі берілген. Алайда бұл көше президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевқа емес, татар ақынының құрметіне берілгені анықталды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне кіріскеннен кейін жұмыс сапарын оңтүстік өңірден бастады.

2019 жылы наурызда Шымкентке барған кезде қаладағы көшелердің біріне Тоқаев есімі берілгенін көрген еді. Артынша көшенің қай уақыттан бері бұлай аталатынына қызығушылық танытқан болатын.

Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының мәліметінше, бұл көшеге Кемел Тоқаевтың емес, татар әдебиетінің негізін қалаушы Ғабдолла Тоқайов есімі берілген.

Оның шын есімі - Ғабдолла Тоқай. Татар халқының ақыны, 1886-1913 жылдары өмір сүрген. Татар әдебиетінің негізін қалаушы ретінде белгілі.

Ол жастайынан жетім қалып, Қазан қаласынан Орал қаласына қоныс аударған. Сол жақта білім алып, алғашқы шығармаларын жазған. Ақын өлеңмен қатар аударма жасау ісімен де дендеп айналысқан.

"Екі елдің ынтымақтастығын жандандыру үшін Шымкент қаласында көше атауы берілген", - дейді Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова.

Ұзындығы 600 метр көше Шымкенттің ең көне көшелерінің бірі саналады. Атауы да қаладағы Түркістан көшесі сияқты ертеректе берілген.

Бұл көшеде Қаратау аудандық соты, Шымкент қалалық тергеу соты, Восход фабрикасы, Энергопоток мекемелері мен құрылыс сауда орталықтары орналасқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896743-symkentte-kasym-zomart-tokaevty-atynda-kse-bary-ras-pa/