RU

QR-код: Қазақстандықтарды төрт түске жіктеуге қатысты нені білу қажет

Код
Көрнекі сурет: cinnecta.com

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз жиыны барысында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пилоттық жоба ретінде іске қосылған QR-код жүйесі туралы айтып берді. Тұрғындарды денсаулық жағдайына байланысты төрт түске жіктейді: қызыл, сары, көк және жасыл түс. Осылайша адамның коронавирустан аман екені және ПТР-анықтамасының бар-жоқтығы тексеріліп отырмақ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталының тілшісі.

QR-код бойынша Ashyq мобильді қосымшасының пилоттық жобасы Нұр-Сұлтан мен Алматыда іске қосылды - бұл қосымша арқылы кәсіпкерлер клиенттердің коронавирусты жұқтыру мүмкіндігін бағалай алады.

QR-код және Ashyq қосымшасы - бұл не?

Пилоттық жобаға қатысу үшін кәсіпкерлер өздерінің QR-кодын InfoKazakhstan.kz веб-сайтынан ала алады. Келушілерге Ashyq қосымшасын телефонға жүктеу қажет - телефон нөмірі арқылы авторизациядан өтіп, ЖСН-ді қосасыз.

Мекемеге кірген кезде мекеменің QR кодын сканерлейсіз - осылайша сіздің мекемеге келгеніңіз тіркеледі. Шығу кезінде QR кодты қайтадан сканерлейсіз. Мекеменің әр кіреберісі үшін жеке QR-код жасалады.

QR немесе қосымшасыз мекемеге кіруге бола ма?

Мекеме қызметкері келушінің ЖСН-ін енгізу арқылы оның кіруін тіркей алады. Шектеулерді кәсіпкерлік субъектілері (пилоттық жобаның қатысушылары) жеке ережелерін ескере отырып, өздері анықтай алады.

Қызыл, сары, көк және жасыл түстер нені білдіреді?

Түс адамның коронавирусты жұқтырған-жұқтырмағанын немесе жұқтырған адаммен байланыста болған-болмағанын көрсетеді. Түстерге бөлуді ПТР зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және Денсаулық сақтау министрлігінің Covid-19 басқару орталығы анықтайды. Қазіргі уақытта қосымша вакцинациямен байланыстырылмаған.

  • Жасыл - ПТР сынағы коронавирус жұқтырмағанын көрсеткен келуші.
  • Көк - бұл ПТР сынағынан өтпеген және дертті жұқтырған адаммен байланыста болған адам ретінде тіркелмеген келуші.
  • Сары - дертті жұқтырған адаммен байланыста болған адам.
  • Қызыл - ПТР сынағы оң нәтиже көрсетіп, дертті жұқтырғаны анықталған келуші.

Қандай түсті келушілерге мекемеге кіруге рұқсат етіледі?

"Қызыл" немесе "сары" түсті келуші "күту аймағына" орналастырылады немесе мекемеге кіргізілмейді. Кәсіпкерлік объектісі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөліміне осындай мәртебеге ие адамның келуі туралы хабарлауы керек.

Балалары бар келушілер не істейді?

QR-кодты сканерлеп, қосымшаны пайдалануды тек кәмелеттік жасқа толғандар қолдана алады.

Қосымша "медициналық құпияны" бұзбай ма?

Жоқ, қосымшаны қолдану ерікті түрде жүзеге асырылады, ЖСН келушінің келісімімен енгізіледі. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау кодексінің 273-бабында - "өзгелерге қауіп төндіретін аурулардың таралу қаупі туындаған кезде адамның келісімінсіз ақпарат беруге жол беріледі" делінген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896790-qr-kod-kazakstandyktardy-trt-tske-zikteuge-katysty-neni-bilu-kazet/