RU

Алматы облысында шетел азаматы әйелін пышақтаған

Көрнекі
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Алматы облысы Талғар қаласының ауруханасына пышақ жарақатымен түскен 40 жастағы келіншек қайтыс болды. Марқұмның азаматтық некедегі күйеуі оның өліміне басты күдікті болып отыр деп хабарлайды Алматы облыстық полиция департаменті Instagram парақшасында.

Полицияның мәліметінше, Өстемір ауылында тұратын келіншек ауруханаға пышақ жарақатымен түскен. Алайда оны құтқарып қалу мүмкін болмаған.

Емдеу мекемесінен жаралы әйелдің түскені туралы хабарлама алған полицейлер бірден оның тұрғылықты мекен-жайына аттанған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, әйел адамға марқұмның 35 жастағы азаматтық некедегі күйеуі пышақ жарақатын салды деп күдіктелуде. Ер адам Өзбекстан азаматы.

Күдіктінің сөзінше, олар ішімдік ішіп отырып ұрысып қалып, ер адам келіншектің ішіне ас үй пышағын сұғып алған.

Күдіктінің бірден жедел жәрдем шақырмағаны анықталған. Полиция қызметкерлері, дер кезінде көмек көрсетілсе ауыл тұрғынын аман алып қалу мүмкін еді дейді.

Қазіргі уақытта аталмыш факті бойынша "Абайсызда адам өліміне әкелген денсаулыққа қасақана зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Шетел азаматы уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда пәтер жалдап тұрған Өзбекстан азаматы үй иесіне пышақпен қоқан-лоққы жасап келгенін жазған едік.

Сонымен бірге Атырауда 51 жастағы тұрғынның интимді видеосын желіде жариялаймын деп бопсалап, ақша талап еткен 32 жастағы Өзбекстан азаматшасының ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1896882-almaty-oblysynda-setel-azamaty-jelin-pysaktap-tastagan/