АҚШ жазушысы Бозжырадағы құрылыс жайлы: Бұл тек қазақ халқына қарсы қылмыс емес
Жарияланған күні:
Журналист, жазушы әрі National Geographic ғылыми қоғамының мүшесі америкалық Пол Салопек Бозжыра шатқалындағы құрылыс туралы пікір білдірді.
Салопек - Пулитцер сыйлығының екі дүркін лауреаты. Ол шатқалдағы құрылыс мәселесі бойынша өз пікірін adamdar.ca сайтында жария етті. Жазушының айтуынша, ол Бозжыра шатқалында 2016 жылы болған.
Ол Бозжыраны жер бетінде сақталған табиғи сұлулықтың ұлы ғибадатханаларының бірі деп санайды.
"Ашкөз коммерциялық құрылыс салушылардың тез пайда табу үшін оны ластап жатқаны - осы бірегей табиғи мұраны сақтаушы қазақ халқына қарсы ғана жасалып отырған қылмыс емес, сонымен қатар, сирек кездесетін тау қойлары мен бөкендерді қоса алғанда, бұл аймақты мекендейтін онсыз да жойылу қаупі төніп тұрған тіршілік иелеріне де ауыр соққы болуда.
Ойластырылмаған бұл жоба - адам адам аяғы баспаған жаһандық маңызы бар ландшафттарға шабуыл. Біз бұған көз жұмып отыра алмаймыз", - деді жазушы Пол Салопек.
Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын Бозжыра табиғат қорығының аумағына салынатын жаңа қонақ үйдің құрылысына қатысты қоғамның теріс пікірін ескере отырып, үкіметке осы жобаны қайта қарау жөнінде тапсырма берген болатын.
Нәтижесінде Маңғыстау облысы Бозжырадағы қонақ үй құрылысын басқа жерге ауыстыру туралы шешім қабылданды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897457-aqs-zazusysy-bozzyrdagy-qurylys-turaly-bul-tek-qazaq-xalqyna-qarsy-qylmys-emes/