RU

Шымкенттік шенеунікке Қазақстан азаматтығы уақытша қайта берілді

Олег Почивалов12
Фото: vera.kz

Шымкентте қос азаматтығы бар деп айыпталған жоғары лауазымды шенеунікке Қазақстан азаматтығы қайтарылады. Қалалық "Дене шынықтыру және спорт" басқармасының басшысына мұндай мүмкіндік уақытша сот жұмыстары аяқталғанша беріліп отыр. Бұл туралы басы дауға қалған Олег Почиваловтың өзі баспасөз жиынында мәлімдеді деп хабарлайды Астана арнасы.

Бұған дейін Олег Почиваловты ел азаматтығынан айыру мәселесі көтерілген еді.

Еске сала кетсек, өткен аптада полиция "Дене шынықтыру және спорт" басқармасының басшысы Ресей азаматы екенін айтқан болатын. Алайда шенеунік мұны теріске шығарған еді.

Олег Почивалов құқық қорғау органындағылардың бұл дерегін жалған, өзіне қарсы ұйымдастырылған әрекет екенін айтып отыр.

"Ақпарат құралдары мен ғаламторда тараған деректің бәрі жалған. Бұл бізге қарсы топтың, яғни қаланың игілігі мен азаматтарымыздың, спорттың дамуы үшін жұмыс істегісі келмейтіндердің әрекеті. Мен Қазақстан азаматы болғанмын және бола да беремін", - дейді ол.

Почиваловтың адвокаты Ресей тарапы ұсынды делінген құжаттың бұрмаланғанына сенімді.

Жазбаша мәліметте оның көрші елдің азаматтығын алғаны туралы айтылған деп көрсетілгенімен, құжаттарда сәйкестік жоқ дейді заңды өкіл.

Бүгінде Олег Почивалов құқығы мен абыройын қорғау үшін және Қазақстан азаматы екенін дәлелдеу үшін полицейлердің үстінен сотқа арызданған.

Шенеуніктің арызы қабылданған және азаматтық іс қозғалған.

А. Төребекқызы

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі өткен жылдың 11 айында қос азаматтығы бар 431 адамды анықтаған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1898153-symkentte-lauazymdy-seneunikke-qazaqstan-azamattygy-uaqytsa-qaita-berildi/