Атырау-Доссор тас жолында екі полицей есірткімен ұсталды
Опубликовано:

Әлеуметтік желілерде Атырау облысында тәртіп сақшылары есірткімен ұсталды деген ақпарат пайда болды. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған хабарламаға түсініктеме берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Тұтқындалған сәттің видеосы Yedilov Online Telegram-арнасында жарияланды.
"Атырау облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының техникалық қадағалау бөлімінің қызметкерлері есірткі заттарымен ұсталды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, екі күдіктінің аты-жөні де көрсетілген.
Желіде кеңінен тараған ақпаратқа қатысты облыстың полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
"Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Атырау облысы полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы Мерген Төлемісов брифинг барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұсталғанын растады.
"2021 жылы 14 ақпанда Ішкі қауіпсіздік дирекциясы қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді, оның барысында Атырау-Доссор тасжолында Атырау облысы полиция департаментінің екі қызметкері тыйым салынған заттармен заңсыз жұмыс істегені үшін ұсталды", - деді полиция полковнигі.
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқа ақпараттар тергеу мүдделері үшін жария етілмеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899084-atyrau-dossor-taszolynda-policiya-qyzmetkerleri-esirtkimen-ustaldy/