Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында әкім "отставкаға кету туралы ойынан айнып қалды"

Жарияланған күні:

Қуанышбек Қашқымбаев
Қуанышбек Қашқымбаев. Фото: instagram.com/enbekshikazakh_audan_akimdigi

Бұған дейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі желідегі ресми парақшаларында аудан басшысы Қуанышбек Қашқымбаевтың өз еркімен қызметінен кеткенін хабарлады. Алайда, ведомствоның Instagram парақшасында жаңа хабарландыру жасалып, ескісі өшірілген. Жағдайға қатысты өңірлік әкімдік пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Еңбекшіқазақ ауданының әкімі жұмыстан шыққан жоқ және өз қызметін атқарып отыр. Қазіргі уақытта ол аудан бойынша жұмыс сапарында жүр", - делінген әкімдіктің Instagram парақшасында.

Айта кетсек, бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаевтың өз еркімен отставкаға кеткені хабарланған еді. Оның бұл шешімін 12 ақпан күні жариялағаны, әріптестеріне алғыс айтып, табыс тілегені белгілі болған.

Осыған байланысты аудан басшысының баспасөз қызметі пікір білдірді.

"Кешірім сұраймыз, қателік кетті. Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Қуанышбек Қашқымбаев жұмыстан шығарылған жоқ және өз қызметін атқаруда. Қазіргі уақытта ол аудан бойынша жұмыс сапарында жүр. Бұған дейін қате ақпарат берілген", - дейді баспасөз хатшысы Динара Төлемісова.

Ведомство қателіктің қалай кеткені және Қуанышбек Қашқымбаевтың отставкаға өтініш бергені рас-өтірік екені туралы мағлұмат берген жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, 8 ақпанда Маңғыстау облысы әкімдігінің екі бірдей лауазымды қызметкері өз еркімен қызметінен кеткен болатын.

Олар өңірлік білім басқармасының бұрынғы басшысы Асқар Сейдалиев пен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов.

Мемлекеттік қызметкерлердің лауазымынан кетуіне не себеп болғаны хабарланған жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899297-almaty-oblysynda-akim-otstavkaga-ketu-turaly-oiynan-ainyp-qaldy/