Елімізде жануарға қиянат жасаған жасөспірімдер жауапқа тартылуы мүмкін
Жарияланған күні:
Қазақстандық жасөспірімдер жан-жануарларға қиянат жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Хайуанаттарға қатыгездік көрсеткендердің жасын 14-ке төмендету ұсынылды. Ішкі істер министрлігі қазір тиісті заң жобасын өзгертпекші деп хабарлайды КТК арнасы.
"Қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін жас мөлшерін 14 жасқа төмендетуді ұсынып отырмыз. Бұрын 16 жас болған. Сондай-ақ 316 бап бойынша айыппұл көлемін де арттыру көзделуде. Яғни 2 мыңнан 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін. Қоғамдық жұмысқа тарту 600-ден 1000 сағатқа дейін және бас бостандығынан айыру жазасы 2-ден 5 жылға дейін өзгертілуі мүмкін. Жануарларға қиянат жасау орта ауыр деңгейдегі қылмыс түріне ауыстырылады", - дейді Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Айбек Өскенбаев.
Парламент "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң жобасын қабылдайтын болса, шағын зообақтар толық жабылып, табиғат аясындағы хайуанаттар бағына қатысты талап күшейтіледі. Ал жануарлар қатыгездік көрсе, бірден мұндай демалыс орындарының есігіне қара құлып ілінетін болады.
Дереккөз: КТК
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желіде жануарға жасалған қатыгездіктің видеолары пайда болып жатқанын жазған едік. Атырауда итті көліктің артына байлап, тас жолда сүйреген сәтті куәгерлердің бірі түсіріп алған.
Одан бөлек, Ақмола облысының Қоянды ауылында да итті көлікке байлап сүйреген тұрғын көпшіліктің ашуын келтірген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1899761-elimizde-zanuarga-qiyanat-zasagan-zasospirimder-qylmystyq-zauapqa-tartyluy-mumkin/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.