Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сатқын деді": Ермахан Ибраимов алаңдағы жайттан кейін беделінің түсіп кеткенін айтты

Опубликовано:

Ермахан
Скриншот: Нартай Аралбайұлының youtube - арнасы

Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов елімізде өткен мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау күні алаңда болған оқиғадан кейін беделінің түсіп кеткенін мойындады. Боксшы Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында болған жайтқа кеңірек тоқталып, өзін "сатқын" дегендерге жауап берді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Бокстан Олимпиада чемпионы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты сұхбатта қоғам алдында беделінің түсіп кеткенін мойындады.

"Халықтың сын көзін жоққа шығармаймын. Әлеуметтік желіден менің антирейтингім ұшып тұрғаны байқалады. Шынына келгенде бәріне түсіністікпен қараймын. Оған бола көңіл-күйім түсіп кетпейді. Мен ондай адам емеспін. Мен Олимпиада чемпионымын. Ол атақты менен ешкім тартып ала алмайды. Антирейтинг - ол да рейтинг. Бұл да көрсеткіш. Ұялудың қажеті жоқ. Жұмыс істеу керек. Енді мен өзімді басқа жағынан көрсетуім керек. Саясаткер ретінде қайтадан халықтың оң көзін қайтарып алуым қажет", - дейді Ермахан Ибраимов.

Олимпиада чемпионы сайлау күні алаңда болған жайтқа тоқталды.

"Алаңға боксшы келсе, ұру үшін келді деген ой туған. Мен ешкімге жүгірген жоқпын. Мен алаңдағы наразалықтың себебін білгім келді. "Неге айқайласып алаңда тұра бересіздер, дөңгелек үстелге отырайық" деп шақырдым. Мен маскамен тұрдым. Сонда да мені танып қойды. Тұра бердім. Мен бірауыз сөз айтпағанның өзінде олар жабыла бастады.

"Ермахан сатқын" деген сөзі намысыма тиді. Мен ешкімнің құйыршығы емеспін. Арғы жағын білесіздер", - дейді ол.

Боксшы алаңда плакатты жыртуының себебін ашуға бой алдырғандықтан деп түсіндіріп, сынға дұрыс көзқарас танытқанын айтты.

"Мен ашуымды қайда жіберерімді білмей тұрғанда қарсы алдымдаға плакатты жұлып алғаным рас. Онда жазылып тұрған сөздерді көзім шалып қалды. Плакатта жақсы сөз жазылып тұрған жоқ. Халық арасында бүлік шығаратын сөз", - дейді депутат.

Боксшы өзіне қарсы пікір айтқан желі қолданушыларының әрекетін түсінуге тырысқанын жеткізді.

"Ешкімнің ауызына қақпақ бола алмайсың. 18 миллион адам болса, сонша пікір бар. Мені танымайтын адамдар аузына келгенін айта беруі мүмкін. Кімнің ішінде қызғанышы бар, солар кері пікір білдірді. Мені танитындар, менің қандай адам екенімді білетіндер ешқашан ондай сөз жазбайды. Мен ешқашан халқыма қарсы іс-әрекет жасамаған адаммын", - дейді Ермахан Ибраимов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900119-satqyn-dedi-ermaxan-ibraimov-alandagy-zaittan-keiin-bedelinin-tusip-ketkenin-aitty/

pixel