RU

Қарағандылық полицейлер бірнеше рет адам тонаған күдіктіні ұстады

Ұрлық сәті
Көрнекі фото: polisia.kz

Қарағандыда тәртіп сақшылары бірнеше рет адам тонаған күдіктіні ұстады деп хабарлайды Polisia.kz.

Басылымның мәліметінше, 18 ақпан күні Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Киров полиция бөліміне хабарлама түскен.

Онда белгісіз біреудің 54 жастағы азаматшаға шабуыл жасап, қол сөмкесін тартып әкеткені туралы айтылған.

Белгілі болғандай жәбірленуші азаматша күдіктіге қарсылық танытқан кезде жеңіл дене жарақатын алып, медициналық көмекке жүгінген.

Тұрғынның айтуынша, қол сөмкесінде ақшамен бірге құжаттары болған. Кенеттен орын алған шабуылдан есеңгіреп қалған ол өзіне шабуыл жасаған күдіктінің келбетін есіне сақтап үлгермеген.

Аталған қылмысты ашу үшін полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде осы іске қатысы бар деген күдікпен 33 жастағы азамат ұсталған.

Ол қылмысын мойындап, одан айғақ заттар тәркіленген.

Тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас тағы екі қылмысқа қатысы бар екені анықталған.

Қазір аталмыш факті бойынша қылмыстық кодекстің 191-бабына (Тонау) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Еске салсақ, бұған дейін ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз елімізде бір апта ішінде 3 506 қылмыс жасалып, оның 2 322-і тәулік ішінде ашылғанын хабардар еткен еді.

Оның сөзінше, полиция қызметкерлері ізін суытпай 10 кісі өлтіру, 1 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, 5 қарақшылық, 32 тонау және 487 бөтен мүлікті ұрлау фактісі бойынша қылмысты ашқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900412-qaragandylyq-policeiler-birnese-ret-adam-tonagan-kudiktini-ustady/