jitsu gif
Бізбен бірге қатарынан болған күндеріңіз
Жұлдыз Кенжегалиева
Жұлдыз Кенжегалиева
Қазақ редакциясының басшысы

Атырауда мұнайшыларды коронавирустан емдеген ақ халаттылар үстемақысыз қалып, жұмыстан қуылуда

Дәрігерлер
Кадр: "КТК" арнасы

Атырауда коронавирус жұқтырған мұнайшыларға ем-дом көрсеткен жекеменшік емхана қызметкерлері жұмыстан қуылып жатыр. Айтуларынша, олар пандемия кезінде жұмыс істегені үшін үстемақы алмапты. Ал ақша сұрай келгендерге басшылық қысым көрсетеді екен деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Шыдамы таусылған ақ халаттылар маңдай терімен тапқан қаражатын талап етіп, облыстық әкімдіктің алдында шу шығарды.

Пандемия кезінде Теңіз кенішінде коронавируспен ауырған мұнайшыларды емдеген олар үстемақы алмағандарын айтуда.

"Жағдайы нашарлаған кезде алғашқы көмек жасап, инфекциялық бөлімге жібереміз деді. Ал іс жүзінде олай болмады. Бәрі бізде іште емделді", - дейді мейірбике Гүлфайра Размағамбетова.

Дертті жұқтырғандармен күні-түні тікелей байланыста болған медицина қызметкерлері еңбек инспекциясы мен әкімдікке де арыз түсірген. Алайда олар жекеменшік емхананың ішкі жұмысына араласа алмайтынын алға тартыпты.

Ал денсаулық сақтау басқармасында дәл осы жерде коронавирустан емделіп шыққандардың тізімі де жоқ болып шықты.

"Бұл клиниканың тарапынан біз осы инфекциялық бөлімде төсек-орындар аштық, науқастарды емдеп жатырмыз деген ұсыныс болған жоқ және ол клиниканың әлеуметтік медицина сақтау қорымен ешқандай құжаттары жасалмаған", - дейді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Абдалиев.

Телеарнаның мәліметінше, үстемақы талап еткендерді енді емхана басшылары қыспаққа ала бастаған көрінеді. Тіпті кейбірін жұмыстан да шығарып жіберген. Ақ халаттылардың көбі енді жұмыссыз қаламыз ба деп қорқады. Ал емхана басшылығы болса, қандай да бір түсінік беруден бас тартқан.

"25 желтоқсанда бізді автоматты түрде клиникаға аударып жіберді. Біздің орнымызға училишеден жаңа бітіріп келген балаларды алды. Әлі де бітірмеген, дипломы қолында жоқ адамдар қазір біздің орнымызда жұмыс істеп жатыр", - дейді мейірбике Нұргүл Жұбаниязова.

Медицина қызметкерлерінің арызынан кейін денсаулық сақтау басқармасы арнайы коммиссия құрылатынын мәлім еткен.

Алайда алты ай бойы өздеріне тиесілі үстемақыны даулаған ақ халаттылар әкімдіктің табалдырығын тоздырып шаршаған. Сондықтан қудалау тоқтатылып, үстемақы тезірек төленсе дейді.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Атырауда мұнайшыларды коронавирустан емдеген ақ халаттылар үстемақысыз қалып, жұмыстан қуылуда

Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

Instagram
Сақтаулылар
Мұнда әзірше бос
Жарияланым парақшасында «
» батырмасын қолданып, оны сақтаулылар тізіміне қосыңыз.