Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Балаларға ата-анасының жалақысы туралы эссе жаздырған мұғалімдердің басы дауға қалды

Опубликовано:

Оқушы
Көрнекі сурет: pixabay.com

Қарағандыда мектеп мұғалімі оқушыларға отбасылық бюджет туралы шығарма жазуға тапсырма берген. Балалар өз шығармаларында ата-анасының жалақысын жасырмай жазыпты деп хабарлайды 31 арна.

Телеарна мәліметінше, шу оқушылардың "Отбасылық бюджет" тақырыбында жазған эсселері әлеуметтік желіге шығып кеткен соң басталған.

Эсседе Қарағандының №68-мектебінің төртінші сынып оқушылары өз ата-аналарының жалақысы, коммуналдық төлемдерге кететін ақша мен басқа да шығындарды тізіп көрсеткен. Бұны көрген ата-аналар азаматтық құқықтың бұзылғанын айтады.

"Балам біздің жалақыны санамақ түгілі, дүкенге бармайды. Мұны менің жеке өміріме қол сұғу деп білемін. Бұған мүлдем қарсымын. Балалар отбасылық бюджетке араласпау керек. Білім саласының шенеуніктері бұл жерде баланың құқығын бұзып отыр. Ата-ананың жалақысы аз болса, басқа оқушылар ертең оны бөлектеп, саусақтарын шошайтады. Шенеуніктер қылмыстық кодекстің 147 -бабы, жеке басқа қол сұғу деген заңды ұмытқан сияқты", - деп ашуланды оқушының анасы Ботагөз Омарова.

Шығарманы көрген қарттар да жағаларын ұстады. Айтуларынша, мұғалімдер баланы балалық шағынан айырған.

"Біздің қалтамызға қол сұққанша, оқуды жетістіріп алсын. Немерелерімнің әжесі ретінде айтарым, жағдайымыз оңып тұрған жоқ. Сабақ оқытсын, не сұмдық бұл?!" - деді Валентина Петрова.

Мектеп әкімшілігі бұған қатысты сұхбат беруден бас тартты. Себебі тапсырма білім бөлімінен келген дейді. Ал шенеуніктер мұндай мазмұндағы эсседен хабарсыз болғандарын жеткізді.

"Менің ойымша, мұндай тапсырманы эссе түрінде оқушыларға беру дұрыс емес. Одан да викториналық тапсырмалар берілу қажет. Бұл жерде мұғалім дұрыс нұсқаулық бермеген. Аталмыш жағдайды тексереміз", - деді Қарағанды қаласының білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Наталья Головина.

Шенеуніктің айтуынша, қазір қаладағы барлық мектепте қаржылық сауаттылық апталығы өтіп жатқан көрінеді. Соған сәйкес әр мектеп іс- шаралар жоспарын өздері жасайды. Бірақ білім бөлімі оны тексермейтіндерін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900590-balalarga-ata-anasynyn-zalaqysy-turaly-esse-zazdyrgan-mugalimderdin-basy-dauga-qaldy/

pixel