RU

"Әр балаға 42 500 теңге": Ақтөбеде әкімдікке келген көпбалалы аналар жанайқайын айтты

Аналар
Аналар әкімдікке жиналды. Фото: NUR.KZ

Бүгін Ақтөбе облысы әкімдігіне 50-ге жуық көпбалалы ана келіп, көмек сұрады. Әйелдердің басым бөлігі әлеуметтік мәселелерді көтерген деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ тілішісі.

Әкімдік ғимаратына жиналғандар денсаулық саласы, баспана мәселесі, жұмыссыздық және балаларға төленетін жәрдемақы жайын көтерді.

"Мен жатақхананың бір бөлмесінде бес баламмен тұрамын. Жолдасым ғана жұмыс істейді. Өзім балалардың қасында отырмын. Сіздерге айтайын, балаларым жұмыртқа жегіміз келеді деп жылайды. Бір жұмыртқаның бағасы - 50 теңге. Он данасын алсаң 500 теңге болады. Соны алып бере алмаймын. Қиналып кеттім. әкімдіктегілер қымбатшылықты неге бақыламайды?! Біз, аналар әр балаға мемлекет 42 500 теңгеден төлеуін сұраймыз",- дейді Жанар Құлманбетова.

Кезек-кезек сөз алған аналар тұрмыстың қиындығын, қымбатшылықты айтты. Көпшілігі баспана кезегінде онжылдап тұрғандарын жеткізді.

"Осы жерге пәтер ақысын әрең тауып келдім. Сатып алған үйімнің құжатын жасай алмай жүрмін. Көмектесуіңізді сұраймын", - деді тұрғын Арайлым Айдарханова.

Аналар
Аналар әкімдікке жиналды. Фото: NUR.KZ

Аналар азық-түлік бағасын бақылауды, ретке келтіруді сұрады.

"Азық-түлік бағасын неге бақыламайсыздар? Бәрінің бағасы ұшып тұр. Баламызға киім түгілі, тамақ алып бере алмай қиналып отырмын. Әкімдікке қаншама рет келдік, әкіммен кездесіп көрген емеспіз. Аналар мәселесі неге шешілмейді. Осы жерге келгендер ерігіп жүрген жоқ. Бәрі де баспана мәселесімен қиналып жүр",- деді көпбалалы ана Гүлдана Скакова.

Шенеуніктер
Оқиға орны. Фото: NUR.KZ

Шенеуніктер аналарды арнайы залға кіргізіп, үш сағаттан аса сұрақтарын тыңдады.

"Аналардың сұрағын жекелеп тыңдаймыз. Заң аясында шешу жолдары түсіндіріледі. Тұрғын үй мәселесіне қатысты заң бар, тізім бар. Біз барлық уақытта сіздерді қабылдауға дайынбыз",- деді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағамбетов.

Қала әкімінің орынбасары да баспананың тек кезекпен берілетінін түсіндірді.

"Қазір қалада 2000-нан аса көпбалалы ана баспана кезегінде тұр. Баспана заң аясында беріледі. Жоспар бойынша биыл 9 қабатты он үй тапсырылады. Аналар кезекке қарамай баспана беру жайын көтерді. Өкінішке орай ол мүмкін емес. Барлық сұрақ заң аясында шешіледі",- деді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Азамат Бекет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1900616-r-balaga-42-500-tege-aktbede-kimdikke-kelgen-kpbalaly-analar-zanajkajyn-ajtty/