RU

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай кімдерге рақымшылық жасалады

Сотталушылар
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай сотталушыларға рақымшылық жасалатынын айтқан еді. Осыған байланысты "Ашық НҚА" порталында рақымшылыққа ілігетіндердің тізімі жарияланды.

Бұл "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заңы қолданысқа енгізілгенге дейін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылады.

Егер құжат қабылданса төмендегі санаттағы сотталушылар жауапкершілік пен жазадан босатылады:

  • Қылмыстық теріс қылық және аса ауыр емес қылмыс жасағандар;
  • Қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалдары және басқа да талап-қарыздары жоқ немесе оны толығымен өтегендер.

Сонымен бірге, осы заңның 2-бабында көрсетілген әлеуметтік қауқарсыз тұлғалар ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан және негізгі жазадан босатылады.

Осы заң бойынша әлеуметтік қауқарсыз тұлғаларға жататындар:

  • Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;
  • Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, оның ішінде бұрынғы КСР Одағының, әскери немесе интернационалдық борышын атқару кезінде қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің басқа тіркелген некеге тұрмаған жесірлері, сондай-ақ соғыс мүгедектерінің және оларға теңестірілген адамдардың әйелдері;
  • Қылмыс жасаған кезде он сегіз жасқа толмаған адамдар;
  • Осы заң қолданысқа енгізілген күні елу жасқа толған және одан жоғары әйелдер, алпыс жасқа толған және одан жоғары ерлер;
  • Осы заң қолданысқа енгізілген күні жүкті әйелдер;
  • Ата-ана құқықтарынан айырылмаған балалары бар, оның ішінде асырап алынған не қорғаншылықта және (немесе) қамқоршылықта жүрген, осы Заң қолданысқа енгізілген күні он сегіз жасқа толмаған не қылмыс жасаған және сотталған кезінде жасына қарамастан мүгедек балалар асырауында болған әйелдер;
  • Осы заң қолданысқа енгізілген күні кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын және ата-ана құқықтарынан айырылмаған ерлер;
  • Осы заң қолданысқа енгізілгенге дейін заңда белгіленген тәртіппен I, II топтағы мүгедек деп танылған адамдар.

Сонымен бірге төменде көрсетілген қылмысты жасағандарға рақымшылық жасау заңы қолданылмайды:

  1. Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге;
  2. Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер мәжбүр еткендерге;
  3. Жеке адамға қарсы ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстар жасағандарға; 
  4. Адам өміріне және денсаулығына қауіпті адам өміріне қол сұғушылықпен не зорлық-зомбылықпен ұштасқан және біріктірілген қылмыс жасағандарға;
  5. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағандарға;
  6. Қылмыстық топ, ұйымдасқан топ, қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйым), трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық қоғамдастық (трансұлттық қылмыстық ұйым), тұрақты қарулы топ (банда), заңсыз әскерилендірілген құралым, террористік топ, экстремистік топ құрамында қылмыс жасағандарға;
  7. Бейбітшілік және адамзат қауіпсіздігіне, мемлекеттің конституциялық құрылысының негіздеріне және қауіпсіздігіне қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға;
  8. Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу қылмысын жасағандарға;
  9. Қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке, халық денсаулығына және имандылыққа қарсы ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға; 
  10. Адамның, екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан бұзуымен байланысты абайсызда қылмыстар жасағандарға;
  11. Өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен өмір бойына бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ  өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған адамдарға;
  12. Бірнеше қылмыс жасалып, егер оның бiреуі осы заңның қолданылу аясына жатпайтын болса; 
  13. Үкімдердің жиынтығы болған кезде, егер олардың бiреуі осы заңның қолданылу аясына жатпайтын болса; 
  14. Осы Заңды қолданысқа енгізген  күні Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 130-бабына сәйкес жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қасақана бұзушылар деп танылған адамдарға, немесе жаза өтеу мерзімінде қасақана қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды.

Құжатпен толығырақ осы сілтемеге өту арқылы танысуға болады. Қоғамдық талқылау 5 наурызға дейін жалғасады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901018-tauelsizdiktin-30-zyldygyna-orai-kimderge-raqymsylyq-zasalady/