Қар астында көміліп жатқан: Бір апта бұрын жоғалған малшы табылды (фото)
Жарияланған күні:
Қостанай облысында бір апта іздестірілген малшы аман табылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, Амангелді Тұржанов 20 ақпанда Амангелді ауданында жоғалып кеткен. Ол түнде жылқыларды іздеуге шыққан.
"Іздеу жұмыстарына елуге жуық адам қатысты, бұл полицейлер, құтқарушылар және жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ 49 жастағы ер адамды іздеуге 26 ақпанда Нұр-Сұлтаннан тікұшақ жіберілді. Тікұшақтан жылқыны көрдік, оның жанынан ер адам табылды. Ол қар басқан қамыстың астында жатып аман қалған", - дейді төтенше жағдайлар министрлігі.
Ауыл тұрғынының құтқарылғаннан кейін медициналық көмек көрсету үшін Жезқазғанға жеткізілгені белгілі болды.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Қостанай тұрғыны Федор Попов 28 сағат бойы қар құрсауында қалып, үскірік аяздан аман-есен жақындарына оралды.
Ақтөбеден Қостанайға жеке көлігімен бет алған ол діттеген жеріне жетуге 200 шақырым қалғанда күн райынан қауіптене бастайды. Ал Денисовка ауылына 24 шақырым қалғанда көліктің ауа тартқышын қар басып, Федордың машинасы тоқтайды. Осылайша, ол ас-сусыз жапан далада жалғыз қалады.
"Машинам тоқтаған соң, салон салқындай бастады. Термометр -24 градусты көрсетті. Аяқ-қолымның аяздан әлсірегенін күтпей, дереу әйелім мен төтенше жағдайлар қызметіне хабарластым. Айналада жан адам жоқ, жапан далада қатып өлмеу үшін әрбір 15 минут сайын дене шынықтырып, пресс жасай бастадым. Қан ұйып, ұйқы қыспау үшін де бұл өте керек нәрсе еді. Шамам көпке жеткенімен, аяз бой бермеді. Кейін аяқ-қолым үсіп, денемнен жан кетіп, әбден әлсіредім. Сіңірім тартыла берді. Ішетін су да, тамақ та жоқ. Амалдың жоқтығынан, қарды жей бердім", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901197-qar-astynda-komilip-zatqan-bir-apta-buryn-zogalgan-malsy-tabyldy-video/