RU

Нұр-Сұлтан мен Астананың бір қала екенін білмеген алаяқ өзін-өзі ұстап берді

Ғаламтор алаяқ1
Көрнекі фото: pxhere.com

Әлеуметтік желіде астаналық әйелдің алаяқпен сөйлескен аудиожазбасы тарады. Елорда тұрғыны астананың бұрынғы және қазіргі атауын шатыстырған азаматтың алаяқ екенін бірден аңғарған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Келіншек пен арам пиғылды азаматтың әңгімесі Instagram желісінде v_astane_official парақшасында пайда болды.

Телефондағы әңгімеге қарағанда, азамат өзін оңтүстік астанадағы банктердің бірінің қызметкері ретінде таныстырған. Артынша ол әйелдің банк картасының мәліметтерін сұрамақ болып, қателік жіберген.

"Қазір жүйе сіздің мобильді қосымша арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан кіргеніңізді растады. Сіз жүйеге өзіңіз кіріп жатырсыз ба? Сіз тіркеу орны бойынша Астана қаласында емессіз бе?", - дейді ер адам.

Ал жауап ретінде астаналық әйел азаматқа Астана мен Нұр-Сұлтанның бір қала екенін түсіндіреді. Бұл мәлімет алаяқты таң қалдырады.

"Нұр-Сұлтан мен Астана бір қала ма? Білмеппін", - дейді телефондағы дауыс.

Артынша елордалық келіншек "банк қызметкерінен" аты-жөнін қайталауды сұрайды. Ал алаяқ телефонды тастай салады.

Желі қолданушылары арам пиғылын жүзеге асыра алмаған алаяқты мазаққа айналдырды, ал кейбірі оның Қазақстаннан хабарласпағанын, сондықтан елорда атауы өзгергенін білмейтінін айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін ішкі істер министрлігі Қазақстанда ең жиі жасалатын алаяқтық түрлері туралы айтқан еді.

Тізімде "банк өкілдерінен" түсетін қоңыраулар мен Instagram арқылы сату бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1901885-nur-sultan-men-astananyn-bir-qala-ekenin-bilmegen-alayaq-ozin-ozi-ustap-berdi/