Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ең ауыр жеті күнәнің бірі": Имам қабір басынан табылған ғашықтардың суретіне пікір айтты

Опубликовано:

Әлішер Қабаев
Фото: Елден хабар Facebook парақшасынан алынды

Осыдан біраз уақыт бұрын Алматыдағы зираттардың бірінен ине шаншылған ғашықтардың суреті табылған болатын. Аталған фото әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көпшілік мұндай әрекетке барғандарды қатаң сынға алды. Ал суреттегі ғашықтар Әлішер Қабаев пен Аружан Қыздарбекова өздері үшін алаңдаған көпшілікке алғыс айтып, осындай қиянатқа барғандарды тек құдайға тапсыратындарын айтқан. Осы орайда, KAZ.NUR.KZ аталған жайтқа қатысты дінтанушы, имам Нұрлан Байжігітұлының пікірін білді.

"Фатиха сүресінің алғашқы аятында "ғәләмин" сөзі тұр. Бұл әлемдер деген көпше сөз. Демек, адамзат әлемімен қатарлас жасырылған – ғайып әлемдер бары хақ. Олардың бірсыпырасы ғана біздерге мәлім, қалғаны сыр. Ал оған сенім келтіру иманның бұлжытпас шарты. Олардың біразы адамға пайдасы жоқ болса, кейбірі зияндық әкеледі.

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз біздерге аса қауіпті болған ұлы жеті күнәні тізбектеп берген. Олардың ішінде адам тағдырының ойранын шығаратын сиқыр бар. Бұл зұлматпен айналысу мұсылманның қолынан келе қоймас. Тек иманын Әзәзілге сатып, діннен шығып, кәпірден төмен түскенде ғана амалға асатын зұлымдық.

Сондығынан болар, барлық дінде осы іспен айналысқандар аямастан жазаланған. Тіпті, жақсылық ниетте де жүзеге асыруға болмайтын Харут Марут үйреткен тыйым. Алайда, мұсылман мұсылманға, келіндер қайын жұртына, достар бір біріне, әйелі еріне, кәсіпкер серіктестертер арасында сиқырлау-дуалаулар жиі кездесетін болды. Бұған көзіміз үйреніп барады", - дейді дінтанушы.

Шариғи тілде өз болмысын өзгерту үшін жынға, шайтанға қайырылу сиқыр делінеді. Бүгіннің адамдары бұл іске жақсы атау беріп, "Ақ магия" дейтіндер бар. Алайда, имамның пікірінше, атын өзгерткенмен, заты бәрібір мәңгілік өзгермейтін харам дүние.

"Тіпті, адам мен адамды қосу, бір-біріне жақсы көрсету үшін жасалынса да бұл харам. Жалпы сиқырмен дуалау, жын ұру, көз тию дегендердің шығатын жері бір - имансыздықтың бастауы. Қызғаныш оның түртпегі, қаражат оның ілмегі.

Бүгінде осы бір кесапат кесірмен айналысушылардың саны көбейсе, оған жүгінушілердің қатары азаймауда. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымызды да сиқырлаған. Оның (с.ғ.с) хадисінде көп адамның көз тиюден өлетіндігі айтылса, адамды қабірге, хайуанды қазанға түсіретінін де айтқан. Көз тию бар, ол - ақиқат. Қазақта "Көз тиеді, көз тимесе сөз тиеді" дейді. Яғни,"Көзі бар" адамдардың да, жындардың да сұқтана қарауынан болады", - дейді имам.

Сондай-ақ Нұрлан Байжігітұлы дуаланған адамдардың басты белгісін атады.

"Сиқырланған жанның белгілері ретінде адамның рухани құлазуы, құлықсыздығы, бедеулігі, түсік тастау жиілігі, жұмысының жүрмеуі, себепсіз жылауы, жүздің қараюы не сарғаюы, жалғыздықты сүюі, еш нәрседен ләззат алмауы, барлық мәселеде тұрақсыздығы, бір аурудың асқынуы, емі табылмауы, ұзауы, жүрек қысылуы, тым қатты есінеуі, яки, кекіруі айтылған.

Осының бәрі адамды өзгертеді, яғни, жүйкесі сыр береді, рухани құлазиды, жалқауланады, ашушаң болады, өз-өзіне сөйлейді, орынсыз күледі, дірілдеп қалшылдайды, түбінде өз-өзіне қол жұмсауына апаруы әбден ықтимал кесел. Әрі ең үлкен белгісі - адамның үнемі сұлқ құлай беруі делінген", - дейді дінтанушы.

Сонымен қатар дуаланған адам түнде бастырылу, қорқыныш пен үрейлі түстер көру, құлау, ит мысық көру, лас нәрсені (түсінде) жеп ішу, қашу, қылқыну, буыну ұдайы көрініп, не түс, не өңі екендігінен белгісіз күйге түседі. Бұл белгілердің басым көпшілігі әркімде әрқалай сипатта болуы ықтимал.

"Ең жоғарғы дәрежеге жеткенде, түстегі қорқынышы өңге айналып, елестері нақты күндізгідей көрінетін болады. Десе де, ең негізгісі дәстүрлі медициналық дәрігерлік көмек болмағанда яки табылмағанда ғана күмәнданып, тиісті ем шараға қайырылу керек. Бұл рухани кеселдерден емделудің екі жолы бар: біріншісі, қасиетті Құранмен, ұлы дұғалармен емделу, екіншісі тура сондай сиқыршының үлкенірегіне бару", - дейді ол.

Имамның сөзінше, бүгінде сиқыр мен дұға, көз тию себептерінен кей жүздер қайғы тартқан, отбасында үрей ұялаған, санасынан алжасқан, шаңырағынан өздеріне мүлде тиесілі болмаған заттар мен түйіншіктер табылған жағдайлар көбейген.

"Тіпті, зират басы қабірде, оның құлыптасында тескілене жыртылған, кескіленген суреттердің табылып жатқандығы баршаның алаңдаушылығын туғызуда. Бұл анық сиқыр. Сонымен бірге сапырылысқан емші, балгерлер бақсылар, көріпкелдер мен жол ашушылар сол сиқыр әлемінің әскерлері.
Зират моланың топырағы, тұз бен шекер, ине шаншылған қуыршақтар баршасы осы ұлы апаттың аспаптары. Осы күпір істермен айналысқандардың өздері, тұқымдарымен қоса зардап шегетіндігін баса айта келе, оларға қайырылып, көмек сұраудың өзі опық жегізетін имансыз қарабет қылықтар екендігін еске салғым келеді", - дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902990-en-auyr-zeti-kunanin-biri-imam-qabir-basynan-tabylgan-gasyqtardyn-suretine-pikir-aitty/

pixel