Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан полиэтилен пакеттен бас тартпақ

Жарияланған күні:

Пакет
Көрнекі фото: Getty Images

Қазақстандықтар ай-сайын кем дегенде 40 миллион дана полиэтилен пакетін пайдаға жаратады. Осы орайда билік 2025 жылға қарай мұндай пакеттерді пайдалануға тыйым салатын тиісті заң қабылдамақ деп хабарлайды "Хабар 24".

Полиэтилен пакеттер дұрыс жоймаудың салдарынан қоршаған ортада жүздеген жылдар бойы шірімей жата беретіндіктен, экологияға орасан зор зиянын тигізеді.

Бүгінде бірқатар әлем елдері полиэтилен пакеттен толық бас тартқан. Ал еліміз 2025 жылға қарай тыйым салатын тиісті заң қабылдайтын болады.

Полиэтилен пакеттер экологтардың бас ауруына айналған. Экологиялық мәселені шешудің жалғыз жолы – бұрынғыдай қағаз қапталамаларды пайдалану.

Қарағандылық Ринат Қағазғалиев аталмыш қаптамалардың 10 мың данасын шығарған екен. Алайда, тұрғындар тарапынан да, кәсіпкерлер тарапынан да қолдау болмағасын, кәсібі жабылып қалған.

"Бізде де қағаз қалташаларды тегін тарататындай етіп жағдай жасауға болады. Ол үшін сыртындағы жарнамаларды қолдайтын кәсіпкерлер керек. Мысалы АҚШ-та бұл баяғыда-ақ бір жолға қойылған. Егер мемлекет полиэтиленді алып тастау туралы шешім жасаса, адамдардың таным-түсінігі өзгеріп, бірден үйреніп кетер еді. Бірақ біздің қоғам бұған әлі дайын емес сияқты", - дейді Ринат Қағазғалиев.

Ал полиэтилен пакетін шығаратын кәсіпорынның жұмысы керсінше жүріп-ақ тұр. Бір айда 3 мың полиэтилен пакет шығарады. Ірі кәсіпорындар мен сауда үйлерінен де тапсырыс бар. Бірақ олар 4 жылдан соң жағдай қалай болар екен деп елеңдеп отыр. Кәсіпорынның полиэтилен қалташа жасайтын құрылғысы кемі 60 млн теңге тұрады екен.

"Оны қағаздан жасайтын етіп қайтадан модернизациялауға болады, бірақ оған тағы кемі 40 млн теңге қаржы керек болуы мүмкін", - дейді кәсіпкерлер.

Ренат Минхаиров – полиэтилен пленка шығаратын кәсіпорын басшысы. Ол аталған заңнама қабылданған күннің өзінде бірден нәтижелі боларына сенбейді. Керісінше, жалған сертификат алып, көлеңкелі бизнеспен айналысатындар көбейе ме деп алаңдаулы. Сондықтан бұл бағытта кешенді жұмыс жүргізу керек деген пікірде.

"Бұл мәселеден шығудың жалғыз жолы – полимер материалдарды дұрыс жоюды ойлап табу керек. Әйтпесе, ертең кез келген өндіруші өзінің тауарын басқа материалдарға қаптайтын болады. Ал ол тіпті жойылмайтын болып шығады. Салдарынан біз целлофандарды көз алдымыздан жоқ қылғанымен, қоршаған ортаға одан көп зиян әкелетін тауармен бетпе-бет келуіміз мүмкін", - дейді Ренат Минхаиров.

Сондықтан маман елде полиэтиленді дұрыс жою не болмаса биоыдырағыш пакеттердің қолданыс аясын кеңейту керек деген пікірде.

Белгілі экобелсенді Дмитрий Калмыков болса, бұл заң бірқатар елде қабылданып, өз тиімділігін көрсеткенін алға тартуда.

"Менің ойымша, бірінші кезекте ірі сауда үйлерінде пакет, целлофан сынды қалташаларды тегін таратпау керек. Себебі тегін дүниені адамдар қашанда көптеп алып қалғысы келеді. Салдарынан ол да қоқыс көлемін ұлғайтады. Заң жобасын қабылдамас бұрын әр ұсақ детальді назарға алған жөн", - дейді Қарағанды экомузейінің директоры Дмитрий Калмыков.

Заң жобасы қабылданса, қазіргі 5-10 теңгелік, тіпті тегін таратылатын пакеттерді алып тастап, биоыдырағыш не қағаз қалташалар қолдануға тура келеді.

"Олардың бағасы кемі 60-70 теңге шамасында тұруы мүмкін", - дейді мамандар.

Айта кетсек, Қарағандыда бүгінде ірілі-ұсақ полиэтилен пакет шығаратын он шақты кәсіпорын бар. Олардың әрбірі нарықта 5-10 жылдап жұмыс істеп келеді. Ал ірі компаниялар егер Экология министрлігі аталған заң жобасын ұсынып, ол қабылданатын болса, бірқатар компанияның есігіне құлып салынарына сенімді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902999-qazaqstan-polietilen-paketten-bas-tartpaq/