RU

ШҚО-да бір мектептің отызға жуық оқушысы инфекцияға шалдықты

Көрнекі
Көрнекі фото: pixabay.com

Шығыс Қазақстанда бір мектептің отызға жуық оқушысы инфекцияға шалдықты деп хабарлайды 31 арна.

Телеарна мәліметінше, ауру шыққан Ұлан ауданы Бозанбай ауылындағы екі жүз жетпіс екі бала білім алатын мектеп карантинге жабылып, оқушылар онлайн форматта оқуға көшкен.

Дәрігерлер балалар энтеровирусты инфекцияға шалдықты деген күдік бар деп отыр.

Олар жиырма тоғыз баланы қарап, денсаулығын тексергенін мәлім етті. Қазір оқушылардың тоғызы ауруханада жатыр.

Он алты бала үйінде ем алуда. Ал білім ордасында санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жұмыс істеп жүр.

Бұл жағдайға қатысты аудандық білім бөлімі пікір білдірді.

"Алғашқы диагноз дейміз ғой, соны энтеровирустық инфекция деп айтты. Ол ауа-тамшы арқылы жұғады. Тамақтан емес, мүмкін қолдан болды, тағы басқа себебі бар мүмкін. Қазір СЭС жұмыс жүргізіп жатыр", - деді Ұлан ауданы білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасов.

Елімізде өткен тәулікте коронавирус жұқтырған тағы 1264 адам тіркелген. Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда COVID-19 инфекциясы анықталғандар саны 229 217-ге жетіп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904030-sqo-da-bir-mekteptin-otyzga-zuyq-oqusysy-koronavirus-zuqtyrdy/