Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ киносында қолданылған көне көліктер сатылып кетуі мүмкін

Опубликовано:

Көрнекі
Көрнекі фото: Pexels.com

Алматы облысында тұратын ретро-көлік жинаушы Мейірхан Кәрібаев ескі техникаларды сақтауға қалтасы көтермейтінін жеткізді. Оның айтуынша, зауыттан шыққанына бір ғасырға жуық болған көліктердің көбісі қазіргі уақытта шаң басып тұр. Көліктердің кейбірі қазақтың тарихи туындыларын түсіруде пайдаланылған деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Алматы облысының Абай ауылында тұратын Мейірхан Кәрібаев жиырма жылдан бері ретро-көліктерді жинаумен айналысып келе жатыр. Бүгінде оның ауласында түрлі санаттағы 25 автомобиль бар. Ішіндегі ең ескісі – 1936 жылы Италияда құрастырылған "Фиат.

Одан кейінгісі 1942 жылғы "Газ-67" әскери көлігі. Мейірхаг Ұлы Отан соғысынан аман қалған техниканы ардагердің отбасын әрең көндіріп, 5 мың долларға сатып алдым деп отыр. Оның сөзінше, бұл техника талай рет соғыс туралы фильмдерде пайдаланған.

"Бұл машинаны мен 10 жыл жүріп бір адамдардан сатып алғанмын. Бұл соғыста тарих бойынша бір командирді құтқарған. Осыны сыйлық ретінде жүргізушісіне берген. Ол шал немересіне берген. Мен киноға қоямын, қолданамыз, халық көрсін дегеннен кейін бұны сатты маған", - дейді ретро-көлік жинаушы.

Мұнда "Газ-01", "Газ-51" жүк көліктері, Кеңес Одағындағы партия хатшылары мінген "Зим" мен "Волга" басқа да жеңіл көліктер бар.

Мейірхан ретро-көліктерін "Балалық шағымның аспаны", "Анаға апарар жол", "Балуан Шолақ" сынды тарихи кинолардың көбінен көруге болады. Қазір шаң басып тұрғанымен, барлығы жүріске жарамды екен.

Өмірінің жиырма жылын ретро-көліктер жинауға арнаған Мейірхан бүгінде жәдігерлерді сақтауға ақшаның қолбайлау болып тұрғанын айтады. Мұражай ашсам деген арманы да қаражаттың тапшылығынан жүзеге аспай тұр. Оның ендігі бір мақсаты – қолдаушылар тауып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ретро көліктер шеруін ұйымдастыру.

"Соңғы уақытта көліктерді сақтауда сәл қиналып жатырмыз. Егер жағдай жақсы болмай жатса, киноға түсірілмесе, бұлардың бәрін сату керек", - дейді Мейірхан Кәрібаев.

Мейірханның иелігінде 1945 жылғы паровоз бен 6 вагоны бар. Ауыр техника тек түсірілім кезінде қолданылады. Коллекция жинаушы отарбаны Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха қаласынан, вагондарын Қызылордадан сатып алыпты.

"Тарихи мұраны сақтауға Үкіметтен қолдау болмаса, қара темір ретінде сатудан басқа амал жоқ", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904773-qazaq-kinosynda-qoldanylgan-kone-kolikter-satylyp-ketui-mumkin/

pixel