Зектілері

Павлодарда көше атауларын өзгерту мәселесіне байланысты шенеунікке сөгіс жарияланды

Жарияланған күні:

Самал Бегалинова
Самал Бегалинова. Фото: NUR.KZ

Павлодардағы бірнеше көшенің атауын өзгерту туралы талқылау 29 наурызда өтуі тиіс еді. Алайда шенеуніктер қоғамдық талқылауды кейінге қалдырған. Осы орайда облыс әкімі ономастика мәселелері бойынша жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмейді деп есептеп, жауапты шенеунікке сөгіс жарияланған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов өңірдің мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының жетекшісіне сөгіс жариялаған.

Оған "ономастикалық комиссия мен ономастика мәселелері бойынша жұмыстың тиісті деңгейде орындалмауы" себеп болған.

Осы ретте әкімнен сөгіс алған Самал Бегалинова журналистермен брифинг өткізіп, тұрғындарды мұндай кездесулерден тиісті деңгейде хабардар етіп отыратынын айтты.

"Тұрғындарды хабардар етуге келсек, бізде бәрі жарияланады. Бұған дейін облыстық газеттерде жарияланды. Облыстық басылымдар мен Павлодар әкімдігінің ресми интернет-ресурстарын оқу керек, бәрі жарияланады. Мен тұрғындар хабардар етілмейді дегенмен келіспеймін, барынша жарияланады", - дейді мәдениет басқармасының жетекшісі Самал Бегалинова.

Әлеуметтік желіде атауын ауыстыру жоспарланған 30 көшенің тізімі жарияланған. Бегалинованың айтуынша, бұл тізім нақты бекітілмеген және қоғамдық талқылауда өзгертілуі мүмкін.

Павлодар әкімдігінің сайтында осы мәселеге қатысты талқылау 3 сәуір күні сағат 10-да Zoom-да өтетіні хабарланған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Шымкент қаласының ең көне көшелерінің біріне Тоқаев есімі берілгені хабарланған еді.

Алайда бұл көше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаевқа емес, татар ақынының құрметіне берілгені анықталды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905557-pavlodarda-kose-ataularyn-ozgertuge-bailanysty-seneunikke-sogis-zariyalandy/