Бір орнында тапжылмай 28 жыл баян тартқан талдықорғандық көше музыкантына жұрт тәнті болды (видео)

Опубликовано:

Сағындық
Видеодан кадр: Facebook/Талдыкорганец парақшасы

Талдықорғандық блогер Қайрат Абдрахман Facebook парақшасында оқырмандарын 28 жыл бойы қаланың орталығында баян тартып күнелтіп жүрген көше әртісін қолдауға шақырды. Айтуынша, музыкант тұрғын үйдің жертөлесін паналап жүр. 70-ке жуық қазақ әнін білетін ұлты орыс қала тұрғыны бар тапқан табысын тамағы мен киіміне жұмсайтынын жеткізді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Көбіміз Талдықорғанның орталығында баян ойнайтын адамды көрген болармыз. Ол кісінің аты Сағындық. Өз сөзінше, ішімдік ішпейді. Қазіргі уақытта тұрғын үйдің жертөлесін паналайды. Талдықорғандықтар, оған қол ұшын созып жіберейік. Кім не істеп көмектесе алады? Баянист ағамыздың осы жерде таза киіммен, жаңа баян, жаңа аппаратурамен отырғаны жақсы болар еді. Оның басқа елдердегі музыканттар сияқты әдемі, таза отырғаны жақсы емес пе?", - дейді блогер.

Көше музыканты блогерге берген аз-кем сұхбатында өзін таныстырып өтті.

"Дәл осы орында істеп жатқаныма 28 жыл болды. Арбатқа шығып көргенмін, бірақ ол жақ тұрғын үй секторы болғандықтан, маған отыруға мүмкіндік берген жоқ. Бұл жерден мені полиция қуған кездер болды. Қазір тыныш. Атым - Сағындық. Өгей әкем қойған. Ол кісі мені бес жасымнан тәрбиелеп өсірді. Ал негізі әкем де, шешем де орыс. Бірақ мен өзімді орыспын деп санамаймын. Қазақша сөйлеймін. Отбасым бар, бірақ бала-шаға жоқ", - дейді ол өзі жайлы қысқаша.

Сағындық
Видеодан кадр: Facebook/Талдыкорганец парақшасы

Сағындық орталықта өзі ғана сыятын кішігірім дүңгіршек жасап алған. Ол неге осылайша күн көріп жүргенін түсіндірді.

"Өзім екінші топ мүгедегімін. Аяғым ауырады. Алыс жерге жүре алмаймын. Демалып, демалып жүремін. Жақын жерде тұрамын. Жертөледе. 20 минутта келемін осы жерге. Менде үй жоқ. Бұрын Үштөбеде үйім болған, өртеніп кетті. Бес жыл болды ғой деймін. Мен мұнда өмірімді жалғастыру үшін отырмын.

Күніне 2000-3000 теңге табамын. Оны тамақ пен киімге жұмсаймын. Жалға пәтер алып көрдім, бірақ қымбат шықты. Қазір мен баспанаға зәрумін. Ішімдік ішпеймін, құдай сақтасын. Мен осы дүңгіршекті сол алқаштардан қорғану үшін жасап алдым. Осылай есігімді жауып аламын, олармен кішкентай терезе арқылы сөйлесемін. Олар менен ақша сұрайды", - дейді жасы 50-ге келген музыкант.

Көше музыкантының сөзінше, ол Алматыдағы музыкалық училищені бітірген. Оның сөзіне сенсек, жас кезінде трактор жүргізген, сантехник, электрик мамандығын игерген. Алайда құжаттары үйімен бірге өртеніп кеткен. Өзінде тек жеке куәлігі мен зейнетақы кітапшасы қалғанын айтады.

Сағындық 20 жасында металл дәнекерлеу кезінде жарақат алып, мүгедек атанғанын алға тартады.

Блогер музыкантқа қолдау білдіргісі келген азаматты ертіп келген. Видеода кәсіпкер музыкантты қамқорлығына алып, оған ісін жалғастырып, күнін көруге жағдай жасап беретінін айтады.

"Осы жерге үлкен дүңгіршек ашып беріп, онда қаламыздың суреттері бейнеленген магнит ескерткіштерді сатылымға қою туралы идеям бар. Ол Сағындық ағаның жұмысы болады. Меніңше Сағындық аға қазірдің өзінде қаламыздың көркі. Мұнда әдемі шатыр тігіп, үстел орнатып, ескі баянын ауыстырып, жақсы киіндіріп мәдени орынға айналдыруға болады. Адамдар келіп, демалатындай болса деймін. Оның үстіне Сағындық ағаның репертуарында 70-ке жуық қазақ әндері бар", - дейді талдықорғандық кәсіпкер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905645-bir-ornynda-tapzylmai-28-zyl-bayan-tartqan-taldyqorgandyq-kose-muzykantyna-zurt-tanti-boldy-video/