Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Рамазан айы: Астаналықтарға үндеу жасалды

Опубликовано:

Рамазан
Көрнекі сурет: pixabay.com

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова Рамазан айында елордалықтарға үндеу жасап, ауызашарды тек отбасы ортасында өткізуге шақырды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Сархат Бейсенова тұрғындардан карантин режимін қатаң сақтауды сұрады.

"Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Біздің қоғам үшін маңызды діни мереке – қасиетті Рамазан айы жақындап келеді. Бұл еліміздің көптеген азаматтары үшін үлкен маңызға ие. Қаланың барлық азаматтарын мереке күндері түсіністікпен қарап, карантин режимін қатаң сақтауды сұраймыз. Біз діндар адамдардың рухани және діни сезімдеріне терең құрметпен қараймыз. Алайда, қауіпті вирустың ауыр пандемиясы барлығының денсаулығына қауіп төндіреді", - деді ол.

Сархат Бейсенова осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті барлық шектеу шараларын ескеріп-сақтауды, атап айтқанда, ұжымдық іс-шараларды, оның ішінде үй жағдайындағы іс-шараларды да өткізбеуді ұсынатындығын баса айтты.

"Сонымен қатар қонақасы немесе бірге уақыт өткізу үшін келгісі келетін отбасы мүшелері мен достарға да келуге жол бермеу керек. 65 жастан асқан адамдар тәуекел тобында қалады. Осыған байланысты қасиетті Рамазан айында ауызашарды тек отбасы ортасында өткізуді ұсынамыз.

Пандемия кезінде әлеуметтік арақашықтық сақтау өте маңызды екенін ұмытпаңыздар. Сондықтан біз барлық ұсыныстарды орындауға және пандемиямен күресте жауапкершілік пен бірлікті көрсетуге шақырамыз", - деді елорданың бас санитар дәрігері.

Айта кетейік, қазір Нұр-Сұлтан қаласы коронавирустың таралу көрсеткіші бойынша "қызыл" аймақта.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906945-ramazan-aiy-astanalyqtarga-undeu-zasaldy/

pixel