Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әбден шаршатты": Ақтөбеде балшық кешкен тұрғындар көмек сұрайды

Опубликовано:

Сазды-2 ауылы
Фото: NUR.KZ

Ақтөбе қаласы іргесіндегі Сазды-2 ауылының тұрғындары балшық кешіп, батпаққа батып жүр. Қар суымен езілген балшықтан үйлеріне жете алмаған тұрғындар көліктерін жол жиегіне тастап, өздері саз кешуге мәжбүр. Ауыл халқы үшін резеңке етік үйреншікті аяқ киімге айналған. Айтуларынша, лай-балшықпен он жылдан бері әуреленіп келеді.

Сазды-2 ауылын мекендеген қараша халықтың дені – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар. Мұндағылар жедел жәрдем қызметінің көлігіне жиі жүгінеді. Бірақ езілген саз балшықтан көшемен көлік жүру мүмкін емес.

"Осы проблема он жылдан бері бар. Жедел жәрдем көлігі үйімізге келмек түгілі көшемізге жақындай алмайды. Ауылда шамамен 50 үй қиын жағдайда отыр. Мұндағылардың бәрі аз қамтылған отбасылар: көп балалы отбасы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандар мен зейнеткерлер тұрамыз. Баспанамызды несиеге тұрғыздық. Он жылға жуықтады әлі осы үйіміздің ақшасын төлеп отырмыз. Әйтпесе көршілер болып, осы жолға қиыршық тасты өзіміз де төлер едік. Біз шаршадық. Ауылдық округ әкімдерін 1-2 жыл сайын ауыстырады. Уәде берген басшы айтқанын орындағанша тағы екінші әкім келеді. Оған тағы хат жазамыз. Халықты неге бұлай қиын жағдайға қалдырады? Әкімдер мен депутаттардың ауылымызға келіп, жағдаймен танысуын сұраймыз. Балшық әбден шаршатып жіберді", – дейді Сазды-2 ауылының тұрғыны Уранвек Нұғманов.

Сазды-2 ауылы
Фото: NUR.KZ

Көшеде қар суымен езілген балшық 1,5 шақырымдай жер болады. Халық осы тұсқа әкімдіктің қиыршық тас төсеп беруін сұрап отыр.

"Қиындығымыз – осы балшық. Бір-екі жыл бұрын үлкен айқаймен жолдың жартысына дейін ғана қиыршық тас төсеп кетті. Жолдың екінші жартысында отырған елуге жуық үй әлі балшықпен алысып келеміз. Сайдан бұл жолға дейін келу өте қиын. Қыста боранмен, күн жылынса балшықпен алысамыз. Жедел жәрдем кіре алмайды. Жүкті келіншектер уақыты жақындағанда қалаға туыстардың үйіне барады. Қазір балалар онлайн оқып жақсы болып тұр", – дейді тұрғын Майра Өтегенова.

Сазды-2 ауылы
Фото: NUR.KZ

Ауыл тұрғындарының айтуынша, Сазды-2 ауылына халық соңғы он жылда жер алып, құрылыс салып көшіп келе бастаған. Ауылда инженерлік желі бар. Тек сазды балшық титықтатып отыр.

"2017 жылдан бері осында тұрамын. Балаларым учаскелік дәрігердің есебінде тұр. Тұрақты дәрігерге қаралып тұру керек. ауырып қалғанда бұл жерге жедел жәрдем шақыра алмаймыз. Себебі бұл жақтың езілген балшығына машина кіре алмайды. Қыста боранда жол болмайды. Күн жылынса балшық. Ауылымыз тек шілдеде ғана құрғайды. Оған дейн езіліп жатамыз", – дейді Сазда-2 ауылының тұрғыны Нұржан Дүйсенғалиев.

Мәселемен аудан әкімдігі таныс. Халықтың сұрап отырған қиыршық тас төсеу жұмыстары биылғы жоспарда екенін айтты.

"Жолды қалыпқа келтіру жұмыстары жоспарда бар. Қазір қаржы бөліну жұмыстарын күтіп отырмыз. Өткен жылы осы жердегі Бауырластар-1, Бауырластар-2 тұрғын үй алабына қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Сазды-2 ауылы келесі кезекте тұр. Жұмыстар жалғасады", – дейді Ақтөбе қаласы Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907305-abden-sarsattyaqtobede-balsyq-kesken-turgyndar-komek-suraidy/

pixel