Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматылық әйел қоқыс теріп күнелтіп жүрген сегіз баласы бар 73 жастағы қарияны тауып алды (видео)

Опубликовано:

Қойшыбек Дербісбеков
Видеодан кадр: 31 арна/"Кел татуласайық" бағдарламасынан

Алматыдан 73 жастағы тастанды әке табылды. Қарияны қоқыстан тамақ теріп жүрген жерінен алматылық Гүлмира Әбішева есімді тұрғын байқап қалған. Қойшыбек Дербісбековтың сегіз баласы бар болып шықты. Алайда олар өз әкесінен бас тартып отыр. 31 арнадағы "Кел, татуласайық" бағдарламасы қарияның қызын тауып, байланысқа шықты деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

73 жастағы Қойшыбек Дербісбековтың күнелтіп жүрген жері - құрылысы уақытша тоқтап тұрған ғимараттың алдындағы есік-терезесі жоқ сарай.

Бағдарлама жүргізушісі қарияның осындай жағдайда қысы-жазы тұратынын жеткізді. Сегіз баласы бар зейнеткерді көшеде қоқыс теріп жүрген жерінен тауып алған әйел оны өзі күзетші болып жұмыс істейтін сол ғимаратқа алып келген. Қойшыбек Дербісбеков балаларын соңғы рет 16-17 жыл бұрын көргенін айтады.

"Екі әйелден сегіз балам бар. Алғашқы екеуі бірінші әйелімнен. Соңғылары екінші әйелімнен. Оларға барып көрдім, "Бұл көшені ұмыт, бізді ұмыт" деді. Мен оларға: "Бәрін ұмытайын, өмірімнен сызайын, сен бәрібір менің тегімдесің, ұрпағымсың ғой, тегіңді анаңның фамилиясына ауыстырып ал", дедім. Өзімді қателік жібердім деп айта алмаймын", - дейді зейнеткер.

Қойшыбек Дербісбеков балалары қарамай кететіндей қылық жасамағанын алға тартты.

"Ұрып-соғу болған жоқ. Шопырмын, іссапарға көп кетіп жүрдім. Бір ай, бір жарым ай үйде болмайтынмын. Алыс жолға шығатынмын. Ұзаққа, жер түкпіріне. Шетелге де кетіп қаласың", - дейді қария.

Түлкібастық зейнеткер балаларының өзінен бас тартуының себебін де айтты.

"Бізді баққан жоқ, бүкіл өмірі қаңғырумен өткен адам деп жазғырады. Бақпасам, бақпаған шығармын, қателігім сол болса бопты, кетейін дедім. Вокзалда жүрдім де, таңғы сағат төртте Алматыға жүретін пойызға отырып кеттім. Содан бері осындамын", - дейді ол.

Қойшыбек Дербісбековті байқап қалған Гүлмира Әбішеваның айтуынша, ол қарияның балаларын Facebook арқылы іздеп тауып, хабарласқанын айтады.

"Балаларының аты-жөнімен Facebook-тен тауып алдым. Атаның екінші әйелінен бес ұлы, бір қызы бар екен. Ортаншы ұлының телефоны жазулы екен. Хабарласып, осындай әкелерің бар екенін айттым. Ол баласы Алматыда жұмыс істейді екен. Ол әкесі керек емес екенін айтып, мазаламауымды сұрады", - дейді студияға келген Гүлмира Әбішева.

Бағдарлама редакторлары да Қойшыбек Дербісбековтың қызымен телефон арқылы байланысқа шықты. Зейнеткердің Айжан есімді қызы әкесін тастап кетпегенін, керісінше, әкесі оларды яғни бес баласымен отбасын тастап кеткенін жеткізді.

"Бес ұлым мен бір қызымды тастап кеттім деп неге халыққа айтпай отыр? Анам байғұс мұғалім болып өмір бақи бақты бізді. Сол кезде қайда жүрді, үшінші әйел алды. Сіз (әкесіне) олай бізді мақсара етпеңіз. Біз сізді тастаған жоқпыз, сіз бізді тастап кеттіңіз. Бұл кісі баяғыда кетіп қалған.

Отбасының тауқыметін көтере алмай тастап кетті. Ол кісінің бізге істеген қорлығы өтіп кеткен ғой. Ертең бізге келгенімен бір ай болмай қайта кетіп қалады. Ол сондай өмір жолын таңдады. Қарттар үйіне барғысы келсе, барсын", - дейді Қойшыбек Дербісбековтың қызы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907422-almatylyq-aiel-qoqys-terip-kuneltip-zurgen-segiz-balasy-bar-73-zastagy-qariyany-tauyp-aldy-video/

pixel