Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Түгел жарамсыз": Алматылықтар тегін көшет таратқан әкімдікке шүйлікті

Опубликовано:

Көшет Алматы
Фото: Facebook/EcologicalSocietyAlmaty

Facebook желісінде Алматының экологиясына алаңдаулы тұрғындар әкімдіктің ауланы көгалдандыруға арнап тегін таратып жатқан көшеттердің сапасына сын айтты. Олардың сөзінше, көшеттердің 70 пайызы жарамсыз күйге түскен. Ал әкімдік бұл көшеттердің өніп кететініне сенімді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әлеуметтік желідегі "Алматы экологиялық қоғамы" паблигінің мүшелері Алматының әкімдігі жарамсыз көшет таратып жатыр деп дабыл қақты.

"Шенеуніктер ешқашан өспейтін көшет таратып жатыр. Суреттен қараңыз. Қалада бюджет ақшасын жұмсаудың тағы бір құйтырқы жолы табылды. Ауланы көгалдандыру үшін деп көшет береді. Алайда бұл көшеттер түгел жарамсыз, ұзындығы екі метр талдың тамыры бір футбол добындай ғана топыраққа сыйып тұр. Бұл дегеніміз оның тамыры 70 пайыз кесіліп қалған. Ал оның сырты скотчпен бітеліп, оралған. Тамырға ауа бармай тұр.

Ашығын айтқанда ағаштар жартылай өлі күйде, біраз уақыттан соң өліп қалады. Ал әкімдіктен көшет алып қуанып жатқан тұрғындар оны білмейді. Оны күтіп-баптауға жұмсалатын уақыты зая кететінін сезбейді. Одан да 100 пайыз өсіп кететін ағаштардың көшетін өздері сатып алып отырғызғандары дұрыс", - дейді қаланың белсенді тұрғындары.

Ал Аматы қаласы Жасыл экономика басқармасы көшеттерді тегін тарату "Жасыл аула" акциясы аясында жүріп жатқанын мәлім етті.

"Акция алғаш рет 2020 жылы күзде тұрғындардың өз өтініші бойынша бастау алған. Олар бір емес, бірнеше рет басқармадан көшет бөлуді сұрап келген. 2021 жылы акция аясында Жасыл экономика басқармасы жапырақты тұқымдас ағаштардың көшетін таратуда. Олардың тамыры скотчпен қапталған. Бұл тек көшетті отырғызатын жерге дейін тасымалдағанда зақым келмес үшін жасалған. Басқарма көшет материалдарының ережесіне сай оларды тасымалдау кезінде скотчпен орауға міндетті.

Ал көшет діттеген жерге жеткен соң, оны бірден отырғызу керек. Скотч көшетті тасымалдау үшін ғана, тамырындағы топырақ ажырап кетпес үшін қажет. Егер ол түсіп қалса, ағаш өліп қалады. Ол уақытша қаптама", - дейді KAZ.NUR.KZ тілшісінің сауалына Жасыл экономика басқармасының маманы.

Сондай-ақ, әкімдік аталған көшеттердің тамыры бүтін екеніне сенімді, олардың жергілікті бақтан қазып алынғанын атап өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908033-tugel-zaramsyz-almatylyqtar-tegin-koset-taratqan-akimdikke-suilikti/

pixel