583 мың грант бір күн ғана беріледі: Қызылордада қауесетке сенген жұрт ұзын-сонар кезекке тұрды
Жарияланған күні:
Қызылорда тұрғындары Халыққа қызмет көрсету орталығында ұзын-сонар кезек тудырды. Әлеуметтік желіде ондаған адамның бір-бірін итеріп, терезеге кіріп жатқан видеосы тарап жатыр. Олар айғайға басып, бір-бірімен төбелесуге шақ қалған. Бұл шуға жарты миллион теңгелік грант тек бір күн беріледі екен деген қауесет себеп болған. Аталған ақпаратқа қатысты "Атамекен" ҰКП пікір білдірді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Әлеуметтік желіде кезектің қате ақпарат салдарынан туындағаны айтылады. Жақында көптеген тұрғын "Бастау бизнес" жобасына қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына хабарласа бастаған.
"Қызылордада осындай жағдай болды. Өтініштер саны шектелген. Мемлекеттің бюджеті рәзіңке емес. 583 мың теңгелік грантты алуға бәрі қатыса алмайды. Ол арнайы санаттар бойынша беріледі",- делінген видео астында.
Көпшілікке тараған ақпаратқа қатысты "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов пікір білдірді. Тиісті мәлімдеме палата сайтында жарияланды.
"Бастау Бизнесте" оқимын дегендерге айта кететін жайт. Қазір бірінші кезең ғана басталады. Биыл 30 мың адамды оқыту жоспарланған. Сұраныс жоғары. Сондықтан бұл бағдарламаға тапсырыс беріп отырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тағы 10 мың квотаға көбейту туралы "Атамекен" атынан ұсыныс жасаймыз. Тағы біз бір лекпен емес, алты лекпен – қарашаға дейін оқытамыз. Сол себепті оқимын деген бүкіл азаматтың бірінші болмаса, екінші не үшінші, не алтыншы кезеңге қатысуға мүмкіндігі бар", – деді ол.
Нариман Әбілшайықов жобаға қатысу үшін жолдама алуға келгендердің ұзын-сонар кезекке тұру себебін де түсіндірді.
«Курсқа қатысқысы келетін адамдар көп болғандықтан, түрлі сұрақ туындап жатыр. Өткен жылдан бастап "Бастау Бизнеске" құжат қабылдау және курсты тәмамдау, оқу процесі – бәрі онлайн форматта өтіп жатыр. Бүкіл жұмыс www.Atameken.co онлайн-платформасында құрастырылған. Ол үшін Atameken Academy порталы жұмыс істейді. Оқимын деген әр адам порталға кіріп, өзінің жеке куәлігін және Жұмыспен қамту орталығы берген жолдаманы тіркеу керек.
Қазір осы жолдамаға қатысты Қызылорда, Тараз қалаларында шу болып жатыр. Неге десеңіз, бұл жолдаманы жергілікті жұмыспен қамту орталықтары қағаз түрінде береді. Оны электронды форматта алу мүмкін емес. Сондықтан бүкіл мәселе сол жолдаманы алудан туындап отыр", - деп түсіндірді Нариман Әбілшайықов.
Сонымен қатар, Басқарма төрағасының орынбасары халық арасындағы "жобаға өз таныстарын қатыстырады" деген қауесетке қатысты пікір білдірді.
«Жолдаманы онлайн беру біздің құзыретімізде емес. Оны Жұмыспен қамту орталығы береді. Жұмыспен қамту орталығы азаматтың қандай категорияда екенін біледі, ал біз білмейміз. Біз тек жолдама алған азаматтарды оқытамыз. "Атамекен" тарапынан жасалатын әрекеттің бәрі онлайн өтеді. Яғни бұл жұмыста адами фактор жойылған. Егер азаматтардың арасында осыған ұқсас сұрақтар туындаса, Палатаның 1432 кол-орталығына хабарласуына болады. Мұндай жағдайда бірден араласамыз. Әзірге ешкім осындай мәселе бар деп хабарласпады», - деп түйіндеді сөзін Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908969-583-myn-grant-bir-kun-gana-beriledi-qyzylordada-qauesetke-sengen-zurt-uzyn-sonar-kezekke-turdy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.