"Шынайы өмірде жасауға болмайды": Оқушылар смартфонмен ойнайтын ең танымал бес ойынды атады

Опубликовано:

ОЙЫН
Көрнекі фото: Pixabay.com

COVID-19 пандемиясының кесірінен әлем бойынша мектептер жабулы күйде екінші оқу жылын артқа тастады. Қашықтан оқудың бірден бір құралы болған смартфондар баланың жата-жастана қолданатын затына айналды. Телефонға телмірген балаңыздың сабақ оқып отырғанын немесе назары ойынға ауғанын ажырата аласыз ба? KAZ.NUR.KZ тілшісі сауалнама жүргізіп, бастауыш сынып оқушыларының өзінен олардың қандай компьютерлік ойындарға және неліктен қызығатынын анықтап көрді.

Мектептердің жабылуы балаларға  кері әсер етіп жатқаны туралы халықаралық Юнисеф ұйымы дабыл қақты. Ұйымның таратқан мәлімдемесіне сәйкес, локдаун кезінде бүкіл әлемдегі оқушылардың 90 пайызы қашықтан оқуға ауыстырылды.

"Мектепке бармайтын балалардың саны 24 миллион адамға артып, біз  жылдар бойы болдырмауға  тырысқан көрсеткіштерге жетті. Балалардың оқу, жазу және санау қабілеттері нашарлады, сондай-ақ балаларға ХХІ ғасырдың экономикасы жағдайында өмір сүру үшін қажет дағдылар азаю үстінде", - дейді Юнисефтің атқарушы директоры Генриетта Фор өз мәлімдемесінде. 

Қазақстанда да миллиондаған оқушы локдаун жағдайында онлайн оқуға мәжбүр болып келеді. 20 жылдық өтілі бар педагог Жазира Мұқашеваның айтуынша, баланың зейінін оқуға аудару жылдан жылға қиындап барады. Оның себебін мұғалім компьютерлік ойындардан көреді.

"Бастауыш сынып оқушыларының бас басында смартфон бар. Оны тек онлайн оқуда қолдана ма, былайғы уақытта да пайдалана ма, ол жағын өкінішке қарай қадағалай алмаймыз. Бірақ бірнәрсе айқын, балалардың назары сол телефонға ауып, кейбірі тіпті ойынды аңсап тұрады. Тәуелді болып қалған балаларды да жиі естиміз. Бұл осы ғасырдың психологиялық дерті дер едім", - дейді ұстаз.

KAZ.NUR.KZ тілшісі жүргізген сауалнамаға баласы бірінші сыныпты бітіргелі отырған ата-ананың редакцияға жазған хаты түрткі болды. Айтуынша, биыл онлайн оқыған баласының назарын сабаққа аудару өте қиын болған. Атын атамауды сұраған ата-ана бұл мәселе өзі сияқты басқа аналарды да толғандыратынын сұрап білгісі келген.

Онлайн сауалнамаға бір мектептің бірінші, екінші, үшінші сыныптарынан барлығы 100 оқушы қатысты. Оларға "Смартфонда қандай ойын ойнаған ұнайды, неліктен?" деген сауал тасталды.

ОЙЫН
Көрнекі фото: gamestars.com

Балалардың ең жиі атаған ойыны - Free Fire.

"Бұл атысатын ойын, адам өлтіресің, ұтылсаң ақшаң азая береді" - дейді оқушылар аталған ойынды сипаттай келе.

Екінші орында - Madout ойыны. "Бұл ойында сен өзіңе қару (автомат), автокөлік таңдайсың. Саған түрлі тапсырмалар беріледі. Кедергілерден өтсең, ақша береді. Келесі деңгейге өтесің", - дейді бастауыш сынып оқушысы.

Үшінші кезекте - Craftman ойыны. Балалардың сөзінше, мұнда да түрлі кедергілерді еңсеру керек. Сол арқылы аман қалудың амалын ойлайсың.

"Бұл ойынды шынайы өмірмен салыстырсам, бір істі тез жасап тастауға болады. Мысалы тез арада өзіңе үй салып аласың", - дейді бір оқушы ойынның сипаттамасында.

Аталған ойынға ұқсас танымал Minecraft та балалардың қызығатын ойындар қатарында болып шықты. "Minecraft-та суға батып кетпеуді, құбыжықтармен төбелесте жеңуді ойлайсың", - дейді балалар.

ОЙЫН
Фото: apkpure.com

Компьютер, смартфон, планшетпен ойнайтын ойындар қатарында Сar parking (көлікті басқару), Among us (командадағы сатқындарды анықтап, оны "жазалау") ойындары да аталды.

Азамат есімді оқушы не үшін телефонда ойын ойнағанды ұнататынын айтты.

"Мен ойында бәрін өзім істей аламын, ұшуға, көлік жүргізуге, адамдармен төбелесуге, атысуға болады. Ал шынайы өмірде ондай нәрселерді жасауға болмайды", - дейді сауалнама қатысушысы.

Психологтардың пайымынша, мұндай ойындар шынайы өмірге ұқсатып жасалған виртуалды өмірге тереңдеп енуге мүмкіндік береді. Онда ойыншылар өздерін батыр, жеңімпаз, мықты стратег сезіне алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909301-synaiy-omirde-zasauga-bolmaidy-oqusylar-smartfonmen-oinaityn-en-tanymal-bes-oiyndy-atady/