Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Оңтүстік Кореядағы қазақ қызы қара жұмыс істеп жүрген отандастары туралы айтты

Опубликовано:

Оңтүстік Кореядағы қазақ қызы
Фото: Бағлан Таслиманованың жеке мұрағаты

Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар туралы екі жыл бұрын шекара асып, сол елге кеткен бойжеткен ой бөлісті. Оның айтуынша, Кореяға өз қаржылық жағдайын шешу үшін аттанған қыз-келіншектердің жартысы жоғары білімді, тіпті арасында алтын белгі иегерлері де бар. Алматыда үш жұмысты қатар алып жүргенде өз табысына көңілі толмаған қазақ қызы KAZ.NUR.KZ порталына сұхбат берді.

Бағлан Таслиманова әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін психолог мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол өз ісін сүйіп істесе де, Қазақстанда тез табысқа жету мүмкін болмағанын алға тартады. Тіпті психологтық жұмысынан бөлек, кешке бала қараушы болып, сенбі-жексенбі сауда үйінде кассир қызметін атқарыпты. Қазір ол Оңтүстік Кореяда тағам өнімдерін дайындайтын зауытта тұрақты жұмыс істеп жүр.

"Біз Кореяға үш құрбы болып келдік. Бәріміздің мақсатымыз бір - ақша табу. Қазақстанда бір айда мұндай қомақты ақша табу мүмкіндігі аз. Айлығымыз күніне 30 мың теңге. Менің елде жұмыс істеп тапқан табысым тек күнделікті жүріп-тұруымнан аспайтын. Толыққанды өмір сүруге табысым жетпеді десем болады. Басында үшеуміз Америкаға кеткіміз келген. Ол бұйырмады. Өйткені виза алу қиын. Сондықтан Кореяны қарастырдық. Осы елге келген кезде бастапқыда таныс достарымыз, аға-әпкелеріміз күтіп алып, жайғастырып, жұмыс табуға көмектесті. Айта кетейік, бұл жақта дайын тұрған жұмыс жоқ. Жұмыс беруші кеңсе болады. Самушель деп аталады. Сол жақтан әртүрлі ұсыныстар шығып отырады. Жұмыстың оңайы жоқ. Бірақ бел сынатындай ауыр емес. Әркім өз шамасына қарай істейді. Бұл жерде қыздар асханаларда аспаздың көмекшісі болып істейді, түрлі жатақханаларды, үйлерді, қонақ-үй, мотельдерді тазалайды, көбісі зауыттарға жұмысшы болып кіреді", - дейді ол.

Қыздар Оңтүстік Кореяға коронавирус пандемиясы басталмай өтіп алған, ал карантин күшейгенде сол елде қалуды жөн көрген.

"Біз мұнда сәті түсіп келіп алыппыз. Пандемия басталып кетті. Бұл жақта заңсыз жүр деген атымыз болмаса, сен ешкімге тиіспесең, ешкім саған тиіспейді. Заң бұзбай тыныш жүру керек. Корея билігі елде "нелегалдар" көп екенін біледі", - дейді Бағлан Таслиманова.
Оңтүстік Кореядағы қазақ қызы
Фото: Бағлан Таслиманованың жеке мұрағаты

Оңтүстік Кореядағы үш құрбы үйреншікті тамақтың орынына ащы салат пен тұзсыз тамаққа ұзақ уақыт үйренісе алмағанын еске алды.

"Түскі асты жұмыста жемей, кешке үйде өзіміз пісіріп жүрдік. Біз тұрған қалада дүкеннен нан табу қиын болды. Корейлер нан жемейтін халық. Сондықтан өзіміз қолдан пісіріп жейтінбіз. Бір күні ой келіп, пісірген нанымызды осындағы қазақтар отыратын чатқа жарнама ретінде салып жібердік. Сөйтіп нан пісіріп сатқан кез болды. Нан, бәліш, бауырсақ өткізіп, қосымша ақша таптық. Кейін тұрақты жұмысқа орналасқаннан кейін оны қойдық", - деп еске алды Бағлан Таслиманова екі жыл бұрынғы оқиғасын.

Оның айтуынша, Кореяда жүргендердің басым бөлігі қара жұмыс істесе де, Қазақстанға қайтқысы келмейді. Орта есеппен Оңтүстік Кореядағы жұмыс істеуге заңды рұқсаты жоқ қыз-келіншектер айына 600 мың теңге мен бір миллионның арасында табыс табады. Шетте жүріп, жеке кәсіппен айналысатындары да біршама.

"Келгендердің бәрі негізі алты ай - бір жыл болып қайтамын дейді де, соңында төрт-бес жыл қалып қалғандарын білмей қалады. Бұл жақта қазақтар бір-біріне бауырмашыл, көмектесіп, қолдап жүреді. Бізді Кореяда қарсы алып алған ерлі-зайыпты қазақ отбасы бар. Ол кісілерді осындағы ата-анамыз дейміз. Олар бізге тұратын үй тауып беріп, бастапқыда жұмыс табуда қол ұшын созды. Ол кісілерді үйімізге қонаққа шақырып, араласып тұрамыз. Кореяда танысқан достарым - қазақ, өзбек, қырғыз бауырлар өте көп. Бұл жаққа келгенімізге еш өкінбейміз. Бірақ Қазақстанға түбі қайтамыз", - дейді ол.

Бағлан Оңтүстік Кореяда жүрген қазақтарға ақпараттық, заңды, қаржылық тіпті моральдық көмек беру үшін Инстаграмнан паблик ашқан досы туралы айта кетуді жөн көрді.

"Мен Бекасыл деген досым туралы айтқым келіп отыр. Осыдан екі жыл бұрын ол Оңтүстік Кореяда жүрген қазақтардың басын біріктіретін парақша ашты. Бірінші мақсаты - қазақ бауырлардың басын қосу. Екіншіден, ол осындағы отандастарымызға "нелегал" болса да, өзінің құқын қорғай алатындай жағдайы бар екенін жеткізгісі келеді. Үшіншіден, қазақ бауырлары келеңсіз жағдайға түсіп қалған кезде, әртүрлі апат, ауыр жарақат, басқа да жағдайда өзі есепшот ашып, қиындықтан шығару мақсатында ақша жинастырады", - деп атап өтті Бағлан Таслиманова досы жайында.

Оның пікірінше, егер елде айлық жақсы болса, оқыған-тоқыған жастардың бәрі бұл жаққа кетпес еді. Бағланның сөзіне сенсек, корей елінде жүргендердің елу пайызының жоғары білімі бар, қызыл дипломды, алтын белгі иегері де кездеседі.

Бағлан Оңтүстік Корея азаматтарының бойынан ерекше қасиеттерді байқапты. Ол жергілікті халықтың еңбекқорлығына тәнті болған.

"Кәрістер өте қарапайым. Тәкаппарлық, мақтаншақтық жоқ. Компания директорының өзі сенімен бірге қара жұмыс істеп жүреді. Алғаш жұмысқа тұрғанда өзімнің бастығымды қара жұмысшы екен деп ойлап қалдым. Кейін менің бастығым екенін білдім. Өзім көрген кәрістер туралы айтып отырмын. Өте еңбекқор", - деп түйіндеді ол сөзін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909449-ontustik-koreyadagy-qazaq-qyzy-qara-zumys-istep-zurgen-otandastarynyn-zagdaiyn-aitty/

pixel