Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында жоғалып кеткен 3 жасар қыз бала табылды (фото)

Жарияланған күні:

Сәби
Көрнекі сурет: pixabay.com

Түркістан облысында учаскелік полиция инспекторлары 3 жасар қыз баланы тауып, анасына табыстады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жетісай қаласына қарасты №2 учаскелік тірек пунктіне бекітілген учаскелік полиция инспекторлары жоғалған 3 жасар қызды тауып, анасына табыстады.

Белгілі болғандай, полиция майорлары Еркен Мейіржабаев пен Абзал Ақшораев өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтарында қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, анықтау, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көшелер мен аулаларға шығып, сағат 17:00 шамасында А.Байтұрсынов көшесі бойында кішкентай қыздың жылап, үйін таппай адасып жүргенін байқайды.

Олар шамамен жасы 3-4-тегі бүлдіршіннен есімін, ата-анасын, мекенжайын сұрай бастайды. Алайда тілі толық шықпаған қыз бала, ешқандай нақты мәлімет бере алмайды.

Тәртіп сақшылары балақайды жұбатып, учаскелік полиция пунктіне жеткізіп, ас-суын береді. Одан ары іздестіру жұмыстарын жүргізіп, сол аумақтағы тұрғындар арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізеді. Үй-үйді қарап, қыздың ата-анасын іздейді. Жедел жүргізілген іздестіру, сұрастыру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер 1 сағат ішінде қыздың ата-анасын табады.

Ана мен баласы
Фото: ПД баспасөз қызметі

Тексеру барысында анықталғандай, 3 жасар қыз далада ойнап жүріп, ауласынан шығып, алыстап кеткен. Ал үйінде одан кішкентай баласымен отырған анасы байқамай қалған. Өз кезегінде 3 жасар қыздың анасы қызын тауып берген полицейлерге шынайы ризашылығын жеткізді.

"Қызымды аяқасты жоғалтып алдым. Өзім іздеп шыққан едім, осы аралықта полицейлер қызымды аман-есен тауып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткеніне ризамын. Ел қорғандарының жұмысы алға баса берсін!", - деп атап өтті ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909512-turkistan-oblysynda-zogalyp-ketken-3-zasar-qyz-bala-tabyldy-foto/