RU

Түркістанда белгісіз біреулер көшеде оқ жаудырды (видео)

мылтық
Көрнекі фото: 24.kz

Түркістан көшелерінің бірінде белгісіз біреулер оқ жаудырды. Оқиға куәгерлері болған жайтты видеоға түсіріп алған. Түркістан облысы полиция департаменті бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Видео Instagram-дағы salem.turkistan парақшасында жария болды. Кадрлардан екі ер адамның жас жігіттің соңына түскенін байқауға болады. Видеодан оқ дыбысы және айқай-шу болып жатқаны да анық естіледі. Видеоны көлік жүргізушілерінің бірі түсірген болуы мүмкін - жанжалға қатысушылар оның көлігінің жанынан жүгіріп өтеді.

"Мұнда атыс", - деп түсіндіреді видео авторы.

Бейнежазбаның соңында екі ер адамның жігітті күшпен көлікке сүйреп әкеткенін көруге болады. Облыстық полиция департаменті бұл жайтқа қатысты түсініктеме берді.

"Бүгін Түркістан көшелерінің бірінде белгісіз біреулер травматикалық қарудан оқ атқан. Полиция бұл фактіні Түркістан қаласының полиция бөлімінде 293 бап "Бұзақылық" дерегі бойынша тіркеді. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс жасауда. Полиция оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтады. Оларды қамауға алу бойынша шаралар қабылдануда. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", - делінген полиция хабарламасында.

Еске салайық, бүгін Алматыда да атыс болды - белгісіз біреу элиталық тұрғын үй кешенінің күзетшісін мылтықпен жаралап, содан кейін пәтерлердің бірінде жасырынған. Оны құрықтауға арнайы жасақ араласты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909546-turkistanda-belgisiz-bireuler-kosede-oq-zaudyrdy-video/