RU

Кореядағы қазақ қауымдастығының жетекшісі шетелдегі отандастарының жанайқайын жеткізді

Оңтүстік Корея туы мен Қазақстан туы
Фото: Бекасыл Төлепбайдың жеке мұрағатынан

Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың басын біріктіретін қауымдастықтың жетекшісі отандастарының жанайқайын жеткізді. Ол елден жырақта айлап-жылдап үй көрмей, жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың жұмыс визасын алуды армандайтынын айтады. Жүзін көрсетуге қарсы болған кейіпкер Бекасыл Төлепбайдың бейресми қауымдастығы осы уақытқа дейін шеттегі заңсыз жүрген қандастарымызды түрлі тығырықтан алып шығуға себепкер болған. Кореяда қайтыс болған адамдардың денесін елге жеткізуден бастап, ауырып ем іздегендерге қаржылай көмек көрсеткен белсенділер тобы туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі жазады.

Бекасыл Төлепбай - Оңтүстік Кореяда өмір сүріп жатқан қарапайым қазақ жігіті. Ол қауымдастық құруда әр қалада шашырап жүрген отандастарын бір тудың астына жинауды көздегенін алға тартады.

"Оңтүстік Кореяда өмір сүріп жатқан қазақстандықтардың басын біріктіретін платформа ашу мақсатым болды. Өзім 2017 жылы келдім. Ол кезде қазақстандықтар әр қалада шоғырланған, бір-бірімен байланыс орнатпаған еді. Көбісі ол кезде қиындыққа түсіп қалса, әлеуметтік желіге жазатын.

Бастапқыда танымал мессенджерде тобымыз болды, бірақ топ тез толып кете беретін. Бірде Кореядағы таныстарым, бес қазақстандық азамат жол апатына түсіп қалды да, ауруханаға түсті. Әр қайсысына 30-40 миллион вон қажет болды. Мессенджердегі топқа жаздық. Әркім шамасына қарай берді. Сол кезде бізге ауқымды паблик керек екенін түсіндім", - дейді ол.

Ал желідегі бейресми қауымдастықтың ашылуына ең басты себеп, қазақстандық азаматтың айтуынша, Кореяға келетін адамдардың алаяққа жем болмауына түрткі болу.

Ең басты ниетім - Кореяға келетін Қазақстандықтар алданбаса екен деген ой. Қазақстанда "Кореяға жіберем" дейтін алаяқтар өте көп. Олар адам басына 400-800 мың теңге алады да, адамдарды турист ретінде ұшаққа отырғызып жібереді. Негізі оның еңбекақысы ондай тұрмайды. Өте көп ақша. Негізі кеденнен адам өзінің бағының арқасында өтеді. Келе жатқан адамдар ақша беріп қойған соң, бұның кеденде танысы бар ма деп ойлауы мүмкін. Екіншіден, халыққа білгенімді жеткізсем, пайдалы ақпарат берсем деп ойладым", - дейді белсенді қазақстандық азамат.

Бекасыл өз парақшасына көмекке жүгінетіндер жайлы сөз қозғады.

"Мұнда отандастарымыз үшін көбінесе медициналық сақтандырудың жоқтығы келеңсіздік тудырады. Адам болған соң, ауырады ғой. Мысалы жұмыстан тыс күнделікті өмірде бір жері ауырып соны тексертейін десе, өте қымбатқа шығады. Заңсыз жүрген соң мемлекет сақтандырмайды. Әркім өз қалтасынан төлеу керек. Мұнда дәрігерге қаралып, диагностика жасағанның өзі қымбат. Маған көбінесе аяқасты бір жағдайларға тап болып, хирургиялық операция жасату керек кезде жүгінетіндер жазады.

Операция құны 10-15 миллионға дейін барады. Қалталарына ауыр болып жатса, мен арқылы халықтан көмек сұрайды. Сөйтіп халықтың арқасында екі жылдың ішінде 40-қа жуық адамға қол ұшын создық. Ол да бір қазақтың қанында бар нәрсе деп ойлаймын. Жат жерде жүрген адамдар, бір-бірін танымайды. Бірақ аузынан жырып, қара термен тапқан ақшасын беріп жатады. Ақша жинағанда 100-200 доллар беретіндер бар. Сол кезде іштей риза боламын, Қазақстан азаматтары Кореядағы ең ұйымшыл халықтың бірі шығар.

Басқалардың ақша жинап, көмектесіп жатқанын әлеуметтік желіде байқамаппын. Үлкен сома жиналған кездер болды. Кореядан қайтыс болған марқұмдардың денесін елге жеткізуге, одан қалса марқұмдардың туған-туыстарына қаржылай көмек деп 10 миллион воннан (10 мың доллар) көмек көрсеткен кездер болды. Бәрі оқырмандардың жанашырлығының арқасында", - дейді Бекасыл Төлепбай.

Отандасымыз Кореяның жақсы тұстарын да атап өтті.

"Жақсының жақсылығын айт дейді. Жұмыс барысында қол-аяғын сындырып, денсаулығына зиян келтіріп алса, онда жұмыс беруші бүкіл емін өтеп береді, емделгеннен кейін екі-үш ай үйінде жатса да, ай сайын өтемақы ретінде ең төменгі айлықты аударып отырады. Адам елде заңды жүр ме, заңсыз жүр ме ол жағын қарамайды. Ал жұмыстан тыс уақытта ауырып қалсаң, өз қалтаңнан емделесің", - дейді ол.

Сонымен қатар Бекасыл Төлепбай Кореяда вакцина алғысы келетін кез келген адам екпені ерікті түрде салдыра алатынын да айта кетті.

"Осы елдегі "нелегалдар" да екпе салдыра алады. Ол жағын нақты білемін және тегін. Вакцина салдыруда қорықпаса болады. "Нелегелдарға" жағдай жасалған. Вакцина салдырмаймын десе өз еркі, вирусқа тест тапсырам десе де тегін. Ұстап алады деп қорықпас үшін "нелегалдың" аты-жөнін сұрамайды, тек телефонын жазып алып қалады. Тесттің жауабы смс арқылы келеді. Дискриминация жоқ", - дейді қауымдастық жетекшісі.

Сөз соңында Кореядағы қазақ қауымдастығының жетекшісі сондағы үй көрмей жұмыс істеп жатқан қазақстандықтардың жанайқайын жеткізді. Бекасыл Төлепбайдың сөзінше, егер Оңтүстік Кореяда қазақстандықтар үшін жұмыс визасы шешілетін болса, біраз мәселе өздігінен жойылар еді.

"Кореяда барлық Қазақстан азаматына жұмыс визасы берілсе екен деген өтінішіміз бар. Виза берілсе медициналық сақтандыру, көлік жүргізу құқын беретін құжат, автосақтандыру жасатуға мүмкіндік ашылады. Жұмыстан демалыс ақысын ала алады. Бұл жақта Қазақстан азаматтары тығылып жүрген жоқ, бірақ ішін тартып өмір сүріп жатыр, ашығын айту керек", - дейді ол.

Сондай-ақ көптің мұңын тыңдап жүрген азамат ретінде ол Қазақстан елшілігі жанынан елдегі азаматтарға заң жағынан көмектесетін орталық ашылса деген ниетін де жеткізді.

Айта кету керек, Оңтүстік Кореяда қазақстандықтардан бөлек сол елге жұмыс істеуге келген Қытай, Таиланд, Вьетнам, Филлипин, Ресейден мигранттар көп.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1909823-koreyadagy-qazaq-qauymdastygynyn-zeteksisi-seteldegi-otandastarynyn-zanaiqaiyn-zetkizdi/