RU

"Арақ ішпейміз": Жамбыл облысындағы 5 бірдей ауыл тұрғындары ішімдіктен біржола бас тартты

Фото
Фото: Almaty.tv

Жамбыл облысының бес бірдей ауылы ішімдіктен түбегейлі бас тартып отыр. Елдімекендердің 7 мыңнан астам тұрғыны бұл бастама бір айға ғана созылмайды дейді. Олар тіпті бүгінде ауылдағы азық-түлік дүкендерінен арақты таппайсыз дейді. Бұл туралы Almaty.tv арнасы хабарлайды.

Көпшіліктің көңілінен шыққан ерекше бастаманы жергілікті ақсақалдардың қолдауымен облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдері қолға алған. Тұрғындардың айтуынша, қазірдің өзінде ішімдіктен бас тартқаннан кейін, ауыл өмірі біршама тынышталып қалды дейді.

"Біз бұл айрықша бастаманы басқа ауылдар да қолдайды деген сенімдеміз. Бұл жоба қасиетті Рамазан айымен ғана аяқталмайды. Ішімдік осы айдан кейін де, бір жыл бойы сатылмайтын болады",-дейді аудандық ақсақалдардың кеңесінің мүшесі Жанболат Оразбай.

Сондай-ақ телеарнаның хабарлауынша, аталған ауылдардағы 22 дүкенде ішімдік қазіргі уақытта мүлде сатылмайды екен. Кәсіпкерлер өз еркімен арақ сатудан бас тартыпты. Қазір бұл тауарға тіпті сұраныс та жоқ дейді тұрғындар.

"Кәсіпкерлер өз еріктерімен ішімдік сатудан бас тартты. Олар өздерінің лицензияларын да өткізіп қойды. Енді дүкен иелері саудаларын ішімдіксіз жүргізбек",-дейді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысы Равиль Төлебаев.

Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, мұндай игі бастама ауыл өміріне жаңа леп бермек. Олар ішімдіктен біржола бас тартудың арқасында тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылық, ұрлық пен қылмыс азаяды деген сенімде. Оң бастаманы жергілікті әкімдік те бірауыздан қолдай кеткен. Олар бұл акцияны басқа ауылдарды да жалғастыруды көздеп отыр.

"Бұл ауылдар өзгелерге үлгі болуы тиіс. Біз бұл бастама басқа ауыл тұрғындарын да ойландырады деген сенімдеміз. Аудан бойынша осындай акциямен 17 ауылдық округті қамтуды жоспарлап отырмыз",-дейді Жамбыл ауданы әкімі Сәкен Арубаев.

Ауыл тұрғындарының игілікті істері мұнымен аяқталмайды. Енді олар баспанасы жоқ отбасыларға үй салуды көздеп отыр. Ал аудан белсенділері мен кәсіпкерлер Орталық саябақты жөндеп, спорт кешенін салуды жоспарлауда. Жамбылдықтар мұндай тың бастама жастарға үлгі әрі салауатты өмір салтын қалыптастыруға түрткі болатынына сенімді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910034-araq-ispeimiz-zambyl-oblysyndagy-5-birdei-auyl-turgyndary-isimdikten-birzola-bas-tartty/