RU

"Денсаулығына байланысты демалысқа жібермеген": Өскеменде мұғалім комаға түсіп қайтыс болды

Мектеп
Көрнекі фото: pixabay.com

Өскеменде жақында №5 мектептің мұғалімі Әсем Нұрғалиева қайтыс болды. Оның жақындары мен әріптестері марқұм ұстаздың мектеп басшылығы тарапынан қысымға ұшырағанына сенімді. Олардың сөзінше, Әсемді денсаулығына байланысты демалысқа жібермеген. Салдарынан келіншектің ауруы асқынып, комаға түсіп, қайтыс болған. Осы ретте қалалық білім бөлімі айыптауларға жауап берді деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".

Әсем Нұрғалиева 12 күн бұрын өмірден өткен. Келіншектің артында бес жасқа да толмаған екі кішкентай баласы қалды.

Бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Бапинованың сөзінше, Әсем мектеп директорының қысымына ұшыраған.

"Әсем Қажымұқанқызы қыркүйек айынан бері күйзелісте жүрді. Оны мұндай жағдайға директор жеткізді. Өйткені ол (директор - ред.) оны (марқұм- ред.) күн сайын аңдитын. Ол не істесе де директорға жақпады", - дейді Сәуле Бапинова.

Әріптестерінің сөзінше, Әсем Нұрғалиеваның дене қызуы қатты көтеріліп, балалары желшешекпен ауырған кезде де оны денсаулығына байланысты демалысқа жібермеген.

Бұған шыдай алмаған келіншек басшылықтың үстінен шағым түсірген. Мектепке облыстық білім саласын бақылау департаменті тексеріс жүргізген. Нәтижесінде мектеп директорына қатысты алты әкімшілік іс қозғалған.

Ал ол кезде Әсем Нұрғалиева ауруханаға түсіп, бір апта өткеннен кейін есін жимастан қайтыс болған. Дәрігерлер оның менингиттен көз жұмғанын хабарлаған.

Марқұмның әпкесі Гафура Дарабаевның айтуынша, марқұм анализдер тапсырған кезде оған "менингит" диагнозы қойылмаған.

"Мен дәрігерге жұмыста директорымен жанжалдасқанын айтқан кезде дәрігер: "Ол ЖРВИ-мен ауырады, дене қызуы бар, ал қатты күйзелістен мидың ісініп кету жағдайы кездесетінін айтты" , - дейді Әсем Нұрғалиеваның әпкесі.

Бүгінде мектеп директоры қызметінен шеттетілген. Оған қатаң сөгіс жарияланған. Алайда ол педагогтің өліміне өзінің қатысы жоқ екенін айтады.

"Мен мектепте ауыр психологиялық аура қалыптасқан деп айта алмаймын. Адамдарға қазір жұмыс істеу қиын. Өйткені пандемия, көбісі қашықтан жұмыс істеді. Енді мектепке шықты. Мектепте ешқандай психологиялық қысым көрсетілмейді, кәдімгі қалыпты қарым-қатынас", - дейді директор Наталья Карпова.

Бұл айыптауларға қатысты қалалық білім бөлімі де пікір білдірді.

"Өкінішке орай, педагог жанымызда жоқ. Неден қайтыс болғаны туралы қорытынды бар, себеп - вирустық ауру, менингит. (...). Шағымда көрсетілген фактілер расталды", - дейді қалалық білім бөлімінің жетекшісі Сәуле Алагөзова.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1910268-densauylygyna-bailanysty-demalysqa-zibermegen-oskemende-mugalim-komaga-tusip-qaitys-boldy/